Өлеңдер ✍️
Бауырым Тұрсынғалидың рухына
Сені Тәңір жаратыпты ұлсың деп,
Ойнасын да, ойласын да, күлсін деп.
Атың түскен аян болып, түске еніп,
Тұрсынхан мен Тұрсынғали тұрсын деп.
Әке, шеше, құдайдан соң панамыз.
Қанша ұлынан айырылды анамыз.
Тұрсын,тұрсын деп жүргенде сен кеттің,
Енді аман боп жүрсін деймін қара қыз.
Жасындай боп, жауһардай боп ер жеттің.
Жүрегіңде жақсы әлемді тербеттің.
Бір өтірік шықпаушы еді аузыңнан,
Бауырым-ау, қашан, қалай кер кеттің ?!
Қашан, қалай алғаш рет сүріндің,
Бірталайын сіміріп ең білімнің.
Сен неше рет ана алдында жүгіндің,
Сен неше рет аға алдында бүгілдің ?!
Жүрегіңе болмады емнің дауасы.
Кеткің келді дала кезіп, тау асып.
Сенің сондай жан ұқпайтын кеудеңе
Жақпады ғой Ақсуаттың ауасы.
Жанарыңнан жасың үркіп, үш ыршып,
Семейге де симай кеттің тыпыршып.
Симай кеттің, қарады ма, жоқ әлде,
Бәзбіреулер өңшең «асыл тұқымсып ?»
Тартпады ма бауырына біреуі ?
Қайтпаушы еді қабағыңның сіреуі.
Алматыға неге келдің , құлыным,
Сенсіз дағы жетіп жатқан күрегі ?!
« Жамандарды сөзіммен-ақ атам» деп,
Қаталданып, кейде күліп, бәсеңдеп,
« Бұл қазақты ұстап тұрған тек қана ––
Деуші едің ғой–– Абай меннен Махамбет !»
Жүйірігің басын иіп алдыңда,
Жатушы едің жайнап күліп шалғында.
Сол еркелік шақтарыңнан тез айнып,
Әлде лоқсып, тез ұшынып қалдың ба?
Қол жеңдірмес күшің бар ед ересен.
Тарих айтсаң бүгінгінің көнесі ең.
Күшің мықты, ішің әлсіз болды ма,
Қос ботаңды еңіреттің неге сен !?
Неге? Неге? Екі жардан суыдың ?
Неге ертерек босап кетті буының?
Мына мен де жынды сүрей едім ғой,
Сен едің ғой шіріместей уығым!
Ұстаз болдың ауылда да, қалада.
Бас имеуші ең арзан соқпа налаға.
Мұңайғанда, құлақтарың қалқиып,
« Кешірші енді,– деуші едің ғой ,–Әбаға!...»
Соғады ызғар кеудеден де арқадан.
Бірақ...тойың тарқаған жоқ, тарқаған!...
Біз бәріміз күрт күрсініп қалсақ та,
Қатты қаусап қалады ғой қарт анаң.
Міне, мен де таппай қалдым дауамды.
Қойды деме сонша көп-көп сауалды.
Бұлдырықтай ұшып өткен бауырым,
Күн дегенің бәрімізге санаулы.
Санаулы ғой қырық, елу, жүз деген.
Өр даналар өмір мәнін іздеген.
Сен кеткенде бір тамырым үзілді,
Бір шырағым өшті Тәңір үрлеген!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter