Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  157


Автор: Әбубәкір Қайран

Аза

Қасым Қайсенов қайтқанда
Қазақтың қара нары піл жоталы
Қайтты деп қайғы жұтты күллі Отаны.
Боздаса ботасындай қалған елі,
Аңырап тау мен дала үн қосады.
Алатау, Алтай менен Тарбағатай
Жоқтауын көк аспанға тыңдатады.
Сарыарқа, Ырғыз бен Сыр, кәрі Каспиий
«Бақұл бол, перзентім!» деп тіл қатады.
Данагөй, даңқты батыр өтті өмірден.
Жаралған құрыш қайрат, мәрт көңілден.
Жұртының жүрегінде шоқ боп жайнап,
Жұлдызы орын алды көк төрінен.
Сөздері сайрап жатыр көкіректе,
Тұлпардан қалған іздей боп көрінген.
Тарихтың тақтасынан орын алды,
Ежелгі батырлардай есте жүрген.
Дриға-ай! Соңғысы өтті алыптардың,
Маңдайға біткен сирек арыстардың!
Тоқсанға таяп келіп жығылғаны-ай,
Сом жүрек , сом білекті арыстанның!
Жаратқан нұр себелеп қабіріне,
Төгілсін шұғыласы жарық таңның!
Қашанда Қайсеновтің аты өлмейді –
Қазақты төрт тарапқа танытқанның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу