Өлеңдер ✍️
Поэзия
Поэзия маған –
Пайғамбарымдай, анамдай,
Онсыз не күнім –
тұмандай, мүлде қараңдай.
Поэзиям жоқта –
мешеумін әрі мешелмін,
белокқа зәру тропикалық адамдай.
Поэзиям жоқта –
Бұзылып түнде түстерім,
Шыңғырып тұрып,
шыға алмас сыртқа іштегі үн.
Жымсиып,
жылжып жыртқыш ой жаулар санамды,
көрсетпей маған тырнағы менен тістерін.
Поэзиям барда–
кеудемнен кермал күй ақты,
Күндерім – мейрам,
түндерім – сайран, миятты.
Әлемнің бүкіл ақ нұрын жиып бойыма,
Ғажайыптанамын
ғарыштан келген сияқты,
Күліп те түрып,
күңіреніп кейде күрсінді ой,
(Ой менен сезім
ойнамалы ғой, тылсым ғой).
Поэзиям менің!
Жырсың ғой, нұрсың, гүлсің ғой,
Сондықтан менің кеудеме симай жүрсің ғой.
Сенсіз не күнім – секем мен сезік, сергелдең,
Көңілде күмән,
Көкірек күнге ергенмен.
Поэзиям менің,
болмасаң тұла бойымда,
Өмірде жоқ кой,
Өлік қой сенің шермендең!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter