Өлеңдер ✍️
Наразы науқан
Анау жатыр арбасын құрамалап,
Мынау бүгін трактор қуаламақ.
Шөп шабудың науқаны оңай емес –.
Шөп шаппаса құриды мына қазақ.
Күзде жерге жақындап көк суығы,
Әне-міне қатады шөп буыны.
Қойлыбайдың өгізі үйретіліп,
Майлыбайдың биесі көп суыдыы.
Көз байлана керуендей арба шығып,
Жөнеледі үмітпен жан қашырып.
Тиеп алып білдірмей қайқаяды,
Шауып қойған шөбінен шаруашылық.
Біреуі орта, біреуі тола келді,
Өстіп күнін көрмесе бола ма енді.
Қаңтарылған күшкөлік жанармайсыз,
Қан қақсатып барады тәмам елді.
Болмаған соң билігің қолыңда бұл –
Ашылмаған жанмын де сорым да бір.
“Шөнтегіне” толтырып шөлмектерін,
Бір қауым ел орақтың соңында жүр.
Шөп басында әңгіме – боқтық егес,
Дойыр бопты кешегі көп күлегеш.
Бірін-бірі кететін қойдай тапап,
Бұл баяғы қазақ қой, ешкім емес.
Жату қайда жамбастап, тонға оранып,
Айту қайда бір әнді домбыра алып.
От басында бекісіп бірер сөзге,
Шөп басында шекісті сорлы халық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter