Өлеңдер ✍️
Қап жоғалған
Көсеулерін сүйретіп қатын жүрсін,
Асауларын үйретіп батыр жүрсін.
Қапқа қолы тимесе қатын ба екен,
Атқа бұты тимесе батыр ма екен, –
Деген сынды сөздерді төркіндетсек,
Менің Байбол құрдасым пақыр ма екен?
Байбол құрдас сөзге бай есебі жоқ,
Зайыбының демеспіз көсеуі жоқ.
Бірақ... Бірақ Бәкеңнің жылқы тұрмақ
Бидай артып әкелер есегі жоқ.
Оған биыл көрінер былтыр болып,
Оған бүгін көрінер кешегі боп.
Жұмыс жағы ауылда тапшы болды,
Бұның өзі Байболға жақсы болды.
“Аштан өлсін демесең... алып кел”
Әйелі оған босаған қапты берді.
Картоп болсын, ұн болсын, күріш болсын,
Байбол мырза бір амал тапсын енді.
Байбол шықты көшеге. Қап қолында,
Сайлап алған адамдай ат, тонын да.
Кейде ысқырып қояды “Әдемі-ауға”,
Алтын жатқан секілді тап жолында.
Қисық көше бойында еске алады, !
Қытайы арақ ішетін достарын да.
Бір көретін әркімнің жарығы бар,
Байболдың да аузының салымы бар.
Көмек көрші кезікті қарсы алдынан,
Көмейімде көңілді әзілі бар.
Қылтияды қойнынан қытайы арақ –
Ішпейтүғын мұның не жазығы бар?!
Айтыла ма досқа сыр қан қызбастан,
Одан дағы жақсы ғой жалғыз жатқан.
Арпалысып ар жаққа от түскен соң
Әңгімені Байекең андыздатқан...
Айтып-айтпай не керек,
Ертеңінде
Айырылып қайтыпты ол жалғыз қаптан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter