Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  152


Автор: Әбубәкір Қайран

Күн келеді шапағы қызыл-сары...

Күн келеді шапағы қызыл-сары,
Құстар үнін құбылтып, сызылтады.
Құйғытады құлдырап күнге қарай,
Тор биенің тор қасқа құлыншағы.
Құлдыраған құлыншақ не біледі,
Ерігеді, ойнақтап желігеді.
Күндер келіп жатады, күндер кетіп,
Құнандығын ертең-ақ сезінеді...
Күн келеді тағы да көтеріліп,
Күз бұлты аспанда көшеді үлып.
Сұрқай көкке сұлқ қарап біреу тұрар,
Бүгін тағы ақталмай кешегі үміт.
Бір қауіпті тор құнан жүр аңыстап,
Жылқышы жүр қолына “жылан” ұстап.
Жылан-арқан сарт етіп түсе қалды,
Үйренген-ау пәтшағар құнан ұстап.
Тор құнанның сондағы тулағаны-ай,
Тулағаны-ай, жанарын сулағаны-ай.
Шыңғырды кеп “анашым, келе гөр” деп,
Ал енесі барады бір қарамай.
Тулап-тулап тор құнан жуасыды,
Тұңғыш рет жүрегі тым ашыды
Ер салды да ер жігіт алды мініп,
Құнан кетті иенге құлаш ұрып.
Жыртылғандай қолтығы, сөгілгендей,
Көз алдында ажалы көрінгендей.
Елпең қақты езуі ашығанда,
Тырысса да қаншама өзін бермей...
Көктем күні келеді көтеріліп,
Көк жүзіне барады от өріліп.
Арқа-басын кеңітті ауыл-дала,
Ұмыт болды бір сәтке кешегі жұт.
Айдалада қойшы шал қой бағады,
Қой баққан соң өткенді ойға алады.
Пай-пай шіркін, жас шағы қандай еді,
Кезі еді ғой түп-түгел бойда бары!
Шал күрсінді шаттығын шақыра алмай,
Сарғаяды-ау бұл күнін батыра алмай.
Шалмен бірге күрсінді кәрі торы,
Оттап тұрып кияқтан басын алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу