Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  136


Автор: Әбубәкір Қайран

Сен - рухсың, сен - арсың

Жұматай Жақыпбаевқа
Арамызда Ар едің ғой, Жұма-аға-ай,
Жаңа жауған кар едің ғой, Жұма-аға-ай!
Қайыспайтын нар едің ғой, Жұма-аға-ай,
Кеше ғана бар едің ғой, Жұма-аға-ай!
Мынау өмір не боп кетті?!
Бұ қалай –
Неге теп-тез сөне қалдың шырадай!?
Сүлей едің.
Сүйкімді едің.
Сүйікті ең
Ерте оқ тиіп жараланған киік те ең.
Жанталасып өлген жоқсың күйіктен,
Жанұшырып қарғып кеттің биіктен.
Жырың қалды –
Жүректермен сүйіскен,
Күйің қалды –
Күрсіндірген, иіткен.
Күнің қалды,
Айың қалды –
Айкүнің.
Жарың қалды.
Арың қалды – айқының.
Ақын болдың ақындыққа сай түрің,
Бақұл болғын,
Байланған жоқ бай тілің,
Бақұл болғын,
Жайланған соң ал тыным.
Ұлы ақыннан қызғанған соң күн, айды,
Қалай ғана тілдемейміз құдайды.
Дарынсыздар енді кімді сынайды,
Дарындылар енді кімге үнайды?
Енді жоқсың, ей, Жұма-аға,
Бұ қайғы.
Талай-талай жүректерді сынайды.
Таза жүрек қансырайды, жылайды –
Саған жәннат, саған иман сұрайды.
Арамызда сен – рухсың,
Сен – Арсың.
Үйқтағаңда түсімізде боларсың.
Көзімізге жас та болып толарсың,
Кеудемізге құс та болып қонарсың.
Топырағың торқа болсын,
Қымтаншы,
Күз келді ғой,
Қыс та келер... тоңарсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу