Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  140


Автор: Әбубәкір Қайран

Үстелім

Үстелім тұр қабырғаға тіреулі,
Ол күтетін сияқты ғой біреуді.
Біреу... Кім ол?
Мен шығармын, сірә, сол,
Өзгені емес, өзін ғана сілеулі.
У-шуынан қашып келіп ортаның,
Ең дәмдісін ішіп алып сорпаның,
Жамау ойды жастанам да, жатамын,
Мен өйткені... осы үстелден қорқамын.
Үстелім тұр бәрін-бәрін көтеріп,
Сүртілмеген шанға дағы еті өліп.
Мен қасынан өте шығам байқаусыз,
Шайтанға ұқсап... Өп-өтірік жөтеліп.
Өзімді өзім бір қиялмен асырап,
Кездерімді армандаймын жасырақ.
«Бүйрек, сирақ ауырады отырсам,
Жазарымды жазам, – деймін, – жатып-ақ».
Үстелім тұр...
Жүзі төмен. Жүдеген,
Қу маңдайын қабырғаға тіреген.
«Маған әкеп кағазы мен қаламын,
Ием неге жазбайды, – деп, – бір өлең?»
Өкпең жөн-ау, айналайын, үстелім,
Өлең болып төгілмей түр іштегі үн.
Өлең тұрмақ, сен екеуміз сау болсақ,
Поэманың «кағамыз ғой тістерін».
Ренжіме, үстелім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу