Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  120


Автор: Әбубәкір Қайран

Аураханада

Мен ояумын таң ағарып атқалы,
Терезе аштым... ыстығымды басқалы.
Түн ыңылдап таудан асты жайменен,
Күн жыбырлап кірпіктерін ашқалы.
Тым ғажап қой таңның бұлай атқаны,
Елемеуге болар еді басқаны –
Сәл қызарып, сәл жымиып сол кезде,
Бір бойжеткен еден жуа бастады.
Бұрып едім мойын деген құрғырды,
Мазам кетті өзімнің де сол ғүрлы –
Қыз қысылып, шүберегі іліп қап,
шелек ауды, су төгілді... бүлдірді.
Бәрі де өтті бір-ақ сәтте қас қағым,
Ұялғаным, қысылғаным, сасқаным –
Шүберегін іліп алып қолынан
Су еденді сүртіп ала бастадым,
Малшып-малшып сығып алам сол суды,
(Көрмеген ем дәл осындай мол суды).
Сестра қыз шырылдап жүр “ағайлап”,
Абыржулы, таңырқаулы, қорқулы...
Неге сонша дегбірім шын қашты екен,
Ойланып та үлгермеді бас-шекем.
Енді ойласам – өрт көңілдің алдында,
Сұлу қыздың су төккені жақсы екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу