Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.05.2022
125
Әкемен сырласу
«Өкпең бар ма өмірге, – деп, – шырағым?»
Әке, менен неге сонда сұрадың?
«Өкпем жоқ деп айта алмадым – өмірге»,
Келді-ау, әке, сонда мені сынағың.
«Өкпем жоқ» деп айтсам, тойған болармын.
Шат боп күліп, мұңды қойған болармын.
Үндемедім –
Жүрегімде әжім көп,
Сай-саласы жібермейді солардың.
Күлкімменен күрсіністі жасырдым,
Жүректегі сілкіністі жасырдым.
«Өкпелемей өссін,– деген – осы ұлым»,
Әке, саған іштей ғана бас ұрдым.
Өкпем бар ма?
Оны да анық білмеймін.
Көктем барда көгеремін, гүлдеймін.
Ызғырыққа ыза болам қалтырап
Сондай сәтті, шынымды айтсам, тілдеймін,
Мен дағы, әке, мейір күткен шынармын
Өмір – дауыл, шыдармын, не сынармын.
«Өкпең бар ма өмірге?– деп сұрама,
Бұл фәниге құмармын ғой, құмармын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter