22.05.2022
  353


Автор: Несіпбек Айтұлы

Сардар

Жырауды жаратқан ғой сөзге Құдай,
Қосылып қыл қобыздың боздауын-ай?!
Үмбетей түптен тартып толғап кетті,
Болғанын бір сұмдықтың сезді Абылай.
Жиналған билер менен өңкей батыр,
Төнгендей түнереді заманақыр.
Жыраудың соққан желдей суық сөзі,
Үйіріп қара бұлтты келе жатыр.
Езеді ауыр қайғы, еңсереді,
Ерлердің түсіп кеткен еңселері.
Жас жуып үлпілдеген ақ сақалын,
Кемсеңдеп Бұқар жырау теңселеді.
Аһ ұрған Баймұрат та, Байдалы да,
Алланың амалы жоқ байламына.
Көкшенің шоқылары ойға шомып,
Қарайды іштен тынып аймағына.
Қаралы хабар жетіп қалың елден,
Қамығып хан алдына бәрі келген.
Бурадай қаңтардағы бұрқылдайды,
Арқаның ақ бораны сары белден.
Боз қырау, бу атады кермедегі –
Аттардың алыс жолдан терлегені.
Іргесін ақ орданың үрей кернеп,
Біртіндеп шаңыраққа өрмеледі.
Дегендей ажал менен адам егіз,
Күңіреніп, бебеулейді қара қобыз.
Сексен көл мұз астында мұңға батып,
Өксиді өкіргендей атан өгіз.
Үмбетей барған сайын сұрланады,
Айтатын сұмдық еді бұл хабары.
Жаныштап қара қылды, байыз таппай,
Саусағы сағақ бойлап сырғанады.
Үмбетей өзі батыр, өзі жырау,
Қатайды кәрлі қыстай көзі қырау.
Естіртіп Бөгенбайдың ақ өлімін,
Сондағы сорғалатқан сөзі мынау:
«Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгенбай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай!
Құбыла соққан байтақтың
Ордасындай, Бөгенбай!
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай, Бөгенбай!
Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың!
Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жиып алдырдың:
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың.
...Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағы да
-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Ақ туы құлағандай аспандағы,
Көзінен Абылайдың жас парлады.
Міне, енді Бөгенбайдан айырылып,
Қазақтың ұшқаны ма бастан бағы!?
Үн-түнсіз қалды отырып шөккен нардай,
Өксіткен өзегінен шоқ тамғандай.
Тоқтады қара қобыз ыңыранып,
Қайғының қаралы үнін төккен зарлай.
Сырғанап омырауға көз жастары,
Келгендер көңіл айтып, сөз бастады.
Қайырды сөз аяғын барып-барып,
Алдымен Бұқар жырау жүз жастағы.
Абылай не заманда тілге келді,
Күрсініп бір сөйледі, бір бөгелді.
Қимайды өлді деуге көңіл, шіркін,
Кешегі көз алдында жүрген ерді.
Қиналып, қимағанмен жоқ Бөгенбай,
Тәңірге айта алады өкпе қандай?
Күңіреніп көк аспан да көппен бірге,
Бір сәтке хас батырды жоқтағандай.
Амал жоқ ажал жетіп өлгендерге,
Қалады қу сүйегі көмген жерде.
Ес жиып, еңсе тіктеп, кең толғанып,
Абылай көңіл айтты келгендерге.
Жалғыздық көреді екен адам басы,
Болмаса арқа сүйер замандасы.
Қырық күн дауыс айтып қатын-қалаш,
Жоқтады Бөгенбайды хан ордасы.
Өткенге көз жіберіп оңды-солды,
Қырық күн хан Абылай ойға шомды.
Іздеді аласұрып батырларын,
Бастайтын қарақұрым қалың қолды.
ІІ
Қаһары қалың қолға татығандай,
Туар ма енді қайтып батыр ондай!?
Батырлық бабасынан желі тартқан,
Аруағын бүкіл қазақ шақырардай.
Арғында арғы түбі – Қанжығалы,
Естісе елең еткен ел құлағы.
Атысқа, шабысқа да бірдей мықты,
Аңдысқан ата жауы қанжылады.
Атасы – ер Әлдеуік қазақ асқан,
Жері жоқ батырлықтан жаза басқан.
Ежелгі Есімханның заманында,
Қатаған хан Тұрсынмен жағаласқан.
Тектілік танылмаса ерге біткен,
Не шығар қаптап жүрген боркеміктен?
Ерліктің ата жолын жалғастырған,
Туады Ақша батыр Әлдеуіктен.
Ту ұстап, тұлпар мінген батыр Ақша,
Дауылдай дүркіреген жауға шапса.
Нөкерін қасына ерген өкпелетпей,
Қылдай қып бөліп берген олжа тапса.
Демей ме төбел туар марқасқадан,
Артық боп жаратылған ол басқадан.
Сексен мың сарбаз ертіп өз соңынан,
Тұсында Тәуке ханның қол бастаған.
Ғасырлар шапқан аттай зулап өтті,
Жарысқан тұлпарларды тулақ етті.
Алланың әмірімен ер Бөгенбай,
Тұсына Абылайдың тура кепті.
Жау тисе ел шетіне әлде қандай,
Тұрар ма еркек кіндік ерге қонбай?
Абылай тумай жатып әйгілі боп,
Үш жүзге аты шыққан ер Бөгенбай!
Жарқылдап найзағайдай алдаспаны,
Серкедей суырылып қол бастады.
Бөгенбай дөңге шықса дүбір салып,
Дұшпанның жарға бұқты жер басқаны.
Абылай не көрмеді ғұмырында,
Жоңғардың кете жаздап жұмырында.
Тұрғанда сескенбейтін қалың жаудан,
Қабанбай, Бөгенбайлар тұғырында.
Түсіріп жауға шапса жасын көктен,
Дүлейдің алған талай басын кекпен.
Өмірі өкінішсіз есіне алса,
Өңкей бір көкжалдардың қасында өткен.
Дегенге батыр өлді кім сенеді?
Көңілі қара тұман бүркенеді.
Қол бастар қаһармандар ортасында,
Орыны Бөгенбайдың бір төбе еді.
Ажал кеп көк найзасын шаншығанда,
Айтыпты ханға сәлем жан шығарда.
Емендей иілмеген есіл ердің
Ерлігі қанша жырла тауслар ма?!
Абылай толғанады аласұрған,
Айырылып әкесіндей жанашырдан.
Енді жоқ Бөгенбайы, Қабанбайы,
Қалмақты Алтай таудан ары асырған.
Айықпай хан көңілі торығудан,
Өзегі өртенеді жалын ұрған.
Ең алғаш Бөкең еді-ау орысты да,
Еділден бері өткізбей кері қуған.
Жасында ары шапты, бері шапты,
Қара су ерлігінен теріс ақты.
Бөгенбай атой салып шыққан кезде,
Төрелер бұғып жатты жаны тәтті.
Қазақтың Тәуке өлген соң бағы қашты,
Бытырап, бордай тозып арып-ашты.
Бола алмай әкесіндей елге тұтқа,
Босбелбеу Болат ханды қара басты.
Әз Тәуке өле-өлгенше ел деп өткен,
Елінің бірлігіне шөлдеп өткен.
Дариға, оны-дағы алып тынды,
Қармақтай ілген ажал желбезектен.
Қазақты сақтап қалған сан қатерден,
Әз Тәуке атанбаған ол бекерден.
Қақ жарған хан болған соң қара қылды,
Әспеттеп төбесіне ел көтерген!
Ол заман Қалден-Серен қалмақ ханы,
Құйылып құмырсқадай жау қаптады.
Мұрнының келді ұшына қазақ жаны,
Батырлар бас қоса алмай жан-жақтағы.
Төбеден от тастаған ойраттардан,
Қалың ел қанға батып жайрап қалған.
Жасауға зеңбіректі көмектесіп,
Қалмақты қазаққа орыс айдап салған.
Қарудан зәресі ұшып гүрсілдеген,
Жүрегі жалпақ жұрттың дүрсілдеген.
Зымиян ақ патшаның саясаты ол,
Қысылып қолтығыма кірсін деген.
Қиратып керегесін ұрыс күнде,
Тағдыры елдің тұрды қыл үстінде.
Артпаса хан қауқары қарашадан,
Тізгінін ұстатады ұлыс кімге?
Батарын білгеннен соң азап-сорға,
Бас қосты Қарақұмда қазақ сонда.
Ұран сап ер Бөгенбай сол жиында:
«Жоңғарға, - деді, - жұртым, мазақ болма!».
Көмейге ашу қысып сөз келгесін,
Батырдың өңі қалай өзгермесін?
Суырып қынабынан жарқ еткізіп,
Қылышпен бір-ақ осты өз кеудесін.
«Таласса қорқау келіп тұрағына,
Қасқыр да қам жасамай тұрады ма?
Қайтармай жаудың бетін, - деді айғайлап, -
Кірмейді мына қылыш қынабына!».
«Айбозым, көрсеттің, - деп, - ерлігіңді!» -
Сөзіне Бөгенбайдың ел жығылды.
Атады Бас батыр деп бірауыздан,
Табады одан артық енді кімді?
Жеткізіп Тәңір өзі баққа қолды,
Сол жиын бастағандай аққа жолды.
Сайланып Әбілқайыр бас қолбасшы,
«Аруақ!» деп бүкіл қазақ атқа қонды.
Быт-шыт боп дүлей дұшпан талқандалды,
Бөгенбай ерлігіне ел таң қалды.
Сай-сайға қашып-пысып қалмақ біткен,
Шешілмей белдеуінде арқан қалды.
Қазақтың қаһарланған мысы басты,
Ес кетіп, есеңгіреп, түсі қашты.
Көршіге тыныш жатқан ұрынам деп,
Бәлеге ұлы қаусар ұшырасты.
Жинады қайта бірақ қалмақ есін,
Өткізіп өздерінше хан кеңесін.
Сәмеке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет,
Бірігіп бәтуаға келмегесін.
Белгілі болды тағы тоқтамасы,
Атадан келе жатқан тақ таласы.
Құзғынның төнгендігін қайдан көрсін,
Қарғаның кіргеннен соң боққа басы.
Абылай көктей шолып осы жайды,
Көзінен кек ұшқыны шашырайды.
Ес қатпай хандар кетсе бет-бетімен,
Дариядай дұшпан қалай тасымайды?
Оңай ма тақта отырып ел билемек,
Баладай бабын тауып әлдилемек?
Буынан биік мансап басы айналса,
Байлыққа қашан болсын хан күйлемек.
Сұрапыл қайта шапқан жаудың беті,
Халықты содан қорғау – ер міндеті.
Жағада жартас қашып құтылмайды,
Құласа опырылып жардың шеті.
Басталды бітпес майдан ұзын-сонар,
Қыс түссе қаңтардағы қызыл соғар.
Айқаспен Бөгенбайдың өмірі өтті,
Кім оның қырда жортқан ізін шалар?..
Қазақты қырсық тағы шырғаламақ,
Басынан бақ-дәулеті сырғанамақ.
Ішқұса, ызалы жау атажұртты,
Ит жеген терідей ғып жұлмаламақ.
Ұлыған үрей кернеп кең даланы,
Басынан Қаратаудың шаң борады.
Қуырып қуырдақтай жалпақ жұртты,
Сиғызды бір қауызға хан-қараны.
Шетінен тұлпар мінген желді аяқты,
Шығыстан дүлей дұшпан селдей ақты.
Серкенің сақалындай бауыздалған,
Арқаның ақ көдесін қан боятты.
Тоқтатар Тәңір ғана тасығанды,
Қазақтың айдалада басы қалды.
Алтайды, Жетісуды, Түркістанды,
Табанда тырп еткізбей басып алды.
Қалайша қиып берер жатқа жерді,
Батырлар атой алып атқа қонды.
Шайқаста Бәсентиін Малайсары,
Атылған ту сыртынан оқтан өлді.
Жығылса алтын туы желбіреген,
Ажалдан кім құтылар белгілеген?
Аңыз бар сол соғыста Малайсары,
Қазақтың өз оғынан өлді деген.
Шабады соны ойласа қан басына,
Сырқырап Абылайдың жамбасы да.
Майданды Әбілқайыр тастап кеткен,
Кім кепіл жаза басып қалмасына?..
Бар сыры жетпегенмен бұрынғының,
Естиміз болғандығын ырың-жырың.
Ашылар сан сұмдықтың бетпердесі,
Тарихтың қайта түрсе шымылдығын.
Жау келсе жағаласып жұлқысқалы,
Қалады қасіреттен кім тысқары?
Қашанда сырттан келген жаудан қиын,
Іштегі ағайынның қырқысқаны.
Адасып ақылынан хан жаңылды,
Бөлініп қазақ қолы қақ жарылды.
«Бөрі жер бөлінгенді» деген сөздің,
Мәнісін кейбіреулер сонда білді.
Дәме қып Әбілқайыр дара тақтан,
Хан еді қатарынан оза шапқан.
Қырқыстың құрбаны боп өзі-дағы,
Қолынан Барақ сұлтан қаза тапқан.
Талайлар билік құрған өрге шығып,
Еліртіп бір бес күндік әурешілік.
Ақыры бақталасқан бәрінің де,
Түбіне жетіп тынған пендешілік.
Намысын ел қайғысы жанығанда,
Суырылды ер Бөгенбай тағы да алға.
Тимесе маңдайына қатты соққы,
Құдайын дүлей дұшпан таныған ба?
Сарбаздың қайыр күтпей қашқанынан,
Бөгенбай атой салып тастады ұран.
Ержүрек батырлардың басын қосты,
Секілді шеттерінен аш қабылан.
Бөгенбай Қабанбаймен екі арыстан,
Еңкейген екеуінен ата дұшпан.
Сілтесе найзалары қатар тиіп,
Садақтан атқан оғы қатар ұшқан.
Бөгенбай, Қабанбайдың соңына ерген
Батырлар асып туған қалың елден.
Шетінен мен атайын, сен тұр дейтін,
Найзагер, бәрі дию, бәрі мерген.
Олжабай, Наурызбай, Шөңкей, Шөрек,
Жасыбай, көкжал Барақ, ер Жәнібек.
Ханкелді, Бердіқожа, Баян, Жантай,
Баймұрат, Байғозы, Атан, Райымбек.
Тілеуке, Ақтанберді, Төбет, Жадай,
Дәулетбай, Таңсықожа, Мамыт, Мамай.
Жарылғап, Еспембет пен ер Қасабай,
Шыңғожа, Бұқа, Жауғаш, Кенже, Ақпанбай.
Тоқтамыс, Бармақ, Досай, Сарыбай, Тайлақ,
Түрі жоқ батырлардың жаудан таймақ.
Кіші жүз табыннан бар ер Бөкенбай,
Қол бастап бес қаруын келген сайлап!
Құжынап құмырсқадай қалың қалмақ,
Қазақтың малын да алмақ, жерін де алмақ.
Жұмылған жұдырықтай өңкей батыр,
Қалмақтың төбесіне ойран салмақ.
Қазақтың күңіреніп кең даласы,
Көрінді жер қайысқан жау қарасы.
Басталып жан шошырлық ұлы шайқас,
Талайдың кірері хақ қанға басы.
Жүн қылып жіберердей жерді тапап,
Екі жақ бір-біріне келді тақап.
Қалмақтан бір дәу шықты: «Жекпе жек!» деп,
Айғайлап Бөгенбайдың атын атап.
Аюдай күркірейді шойын қара,
Даусынан жаңғырады сайын дала.
Іркілмей Бөгенбай да қарсы шапты,
«Ит қалмақ, келсең-кел!» деп дайындала.
Шабынып, қаһар шашып қара дүлей,
Халыққа қарап тұрған салады үрей.
Күңіреніп қазақ жағы деп шуласты:
«Иә, аруақ, өзің қолдап, бер абырой!».
Бөгенбай жарқылдайды жай отындай,
Тажалдың тас төбесін оятындай.
Көк тұлпар ойнақтайды астындағы,
Түрі жоқ тайсалатын, таятындай.
Алдымен қалмақ кезек сұрап алды,
Көлденең ер Бөгенбай тұра қалды.
Ентелеп қарап тұрған екі жақ та,
Демдерін ішке тартып тына қалды.
Жұлдыздай жуан қалмақ ағып өтті,
Гүрзімен гүрс еткізіп соғып өтті.
Қалқанын тоса қалып қас-қағымда,
Жіберді кері серпіп нағылетті.
Бөгенбай қолына алды көк найзасын,
Асырмақ зұлым жаудан енді айласын.
Шаншыды кіндік тұстан көк сүңгіні,
Дегендей тесіп өтер жер қайдасың?
Шыбындай жаны қымбат тірі адамға,
Найзасын қарсы салды, тіреп ол да.
Тұлпарлар тізе бүкті шөке түсіп,
Күшіне алыптардың шыдаған ба?
Кім білсін қара жерді кім құшады?
Күтірлеп найзалардың сынды сабы.
Еңсеріп ер Бөгенбай бара жатса,
Қалмақ та жан бермеуге тырмысады.
Ұрғанда бірін-бірі жалтарысып,
Қақырап быт-шыт болды қалқан ұшып.
Жанталас, ойран-топыр көз ілеспес,
Жатқандай екі арыстан арпалысып.
Шайнасып, тайталасып, тік атылды,
Кім көрген мұндай сұмдық сұрапылды?!
Аспанға көк тұлпары қарғығанда,
«Ақжол!» деп ер Бөгенбай бір ақырды.
Тәңірі жебегенде - пенде күшті,
Бере ме өлмей қолдан ер жеңісті?
Көк семсер шұрқылтайдан қадалғанда,
Қан жауып, қара қалмақ ерден ұшты.
«Ит қалмақ, қайсың бар, - деп, - кәне тағы?»,
Бөгенбай ашулы сөз боратады.
«Аруақ!» деп дүр сілкінді қазақ қолы,
Сиынып ауызға алып әр атаны!
Алды да жекпе-жекпен бір байқасып,
Екі жақ лап қойысты судай тасып.
Кім өліп, кім қаларын құдай білсін,
Қиямет қан майданға кірді айқасып.
Шығарды ойран-топыр шаңды аспанға,
Көк найза, есе тиіп алдаспанға.
Далада өлік қалды бырдай болып,
Аяй ма адамды адам қандасқанда.
Қоршаудан құтылатын жер қалмады,
Қырылды қынадай боп қалмақ жағы.
Көк шыбын үймеледі көздеріне,
Сазайын тартып мынау жалғандағы.
Толтырған өлікпенен жер құрсағын,
Ежелгі кім біліпті қырғын санын?
Шұбырып көз алдынан Абылайдың,
Өтуде өткен өмір – бұлдыр сағым.
Қылыштай күнде салған қайрап жауға,
Бөгенбай шайқаспаған майдан бар ма?
Сөйлейді тебіреніп тау мен дала,
Ерлігін есіл ердің ойға алғанда.
Секілді қырды шолған тау қыраны,
Жау болды ғұмыр бойы аңдығаны.
Есінде Абылайдың өзін-дағы,
Жасынан балапандай баулығаны.
Ел үшін ер Бөгенбай көрді бейнет,
Сенбейді көңілі оны өлді ғой деп.
Жорықта көк бөрідей бірге жортқан,
Ағасы үзеңгілес, қанды көйлек.
Дұшпанның әлек салып егескені,
Басынан қайран ерлер не кешпеді?
Тұрпатын Сабалақтың жазбай танып,
Соңынан ерткен Сардар емес пе еді?!
Күн кеше «Абылайлап!» шапқаны да,
Шарыштың басын доптай қаққаны да.
Қалың ел төбесіне хан көтеріп,
Бақ қонып, тақтан орын тапқаны да!
Қараса ой жіберіп әр заманға,
Жалғыздар сорлайды екен сорлағанда.
Әйгілі хан Абылай атанар ма,
Бөгенбай, Қабанбайлар болмағанда?!
Қолдаса қалың елі қара ормандай,
Патшаны дұшпан келіп алар қандай?
Бар кезде бөрі тектес батырлары,
Абылай қай қыспаққа қамалғандай?
Тұрғанда Бөгенбайдай бір тірегі,
Япыр-ау, кімнен қорқып, үркіп еді?
Түсіріп шаңырағын ортасына,
Жауына жауар күндей күркіреді.
Құнықпай мал-мүлікке, алтынға да,
Қанағат қылды қалған сарқынға да.
Жалаң төс, жалаң қылыш, жалаң қабат,
Есіл ер қорғап өтті халқын ғана.
Тәңірдің пиғылына бергені де,
Отырса алтын тақта – төрде, міне!
Бес күндік қу дүние кімнен қалмас,
Түскен соң қара жердің жөргегіне?
Жинамай маңайына масылдарды,
Жинапты түбі текті асылдарды.
Жат демей, жақын демей жазалапты,
Халықты омыраулап басынғанды.
Қайран ер жауға – қатал, досқа – жұмсақ,
Қайратын шабылмаған босқа жұмсап.
Көсемі батырлардың қарт Бөгенбай,
Келер ме қайта оралып қас-қағым сәт?!
Қорғаны, қамқоршысы, ел ағасы,
Халыққа ханнан қымбат қара басы.
Секілді қанша салмақ түссе-дағы,
Арбаның қайыспайтын белағашы.
Дәме қып шалқар дала - сайын белден,
Есер жау Ерейменге дейін келген.
Көзіне құм құйылмай қорқаулардың,
Қай кезде дүниеден тойым көрген?
Ешқашан ұмытылмас ер есімі,
Айтады кейінгіге ел осыны.
Келсе де қай жағынан соққы тиіп,
Көрді жау Бөгенбайдан көресіні.
Шығарып күл-талқанын жаңқалады,
Шайқаста Жетісу мен Арқадағы.
Өлгені айдалада көмусіз қап,
Тірісі ертоқымын арқалады.
Асау жау арпалысқан құрықталды,
Иттері жұртта шулап, ұлып қалды.
Тартылып таразыға ел тағдыры,
Екшеліп, жақсы-жаман сұрыпталды.
Халықты қырып-жойып зар қақтырған,
Қалмақты қазақ сөйтіп жер қаптырған.
Жер аты – сол соғыстан қалған белгі,
«Қанды су», «Аңырақай», «Қылмақ қырған».
Сол соғыс қиян-кескі қырық жылғы,
Қазақты алапатқа ұрындырды.
Өз көрін өзі қазып Жоңғария,
Ақыры тып-типыл боп, тыным қылды.
Ер жігіт ел болмаса алаңдай ма,
Жататын кең көсіліп заман қайда?
Сүйеніп көк найзаға кірпік іліп,
Қырық жыл түспеді аттан Бөгенбай да!
Бітімін жаратқан соң артық Алла,
Еңісте ер үстінен толқыған ба!?
Індетіп, түре қуып қашқан жауды,
Атой сап асқан жоқ па Талқыдан да!
Дүние-ай, Бөгенбай мен Қабанбайды,
Абылай іздегенмен таба алмайды.
Ел үшін шүберекке жанын түйген,
Жампоздар енді қайта жаралмайды.
Түн қатып, түсі қашып жорық салған
Батырлар бір-біріне серік болған.
Пенденің, уа, дариға, арманы жоқ,
Солардың басқан ізін көріп қалған.
Тапсырып ел тағдырын ат жалына,
Солармен жауға бірге шаппады ма?
Бөгенбай, Қабанбай мен Ақтанберді,
Ту тігіп Ақшәуліде жатпады ма!
Ағытса сөз ағылар жыр тиегін,
Жия алмай қашты қалмақ қу сүйегін.
Батырлар бұлттай төніп келген жауға,
Бермеген байтақ жердің бір сүйемін.
Айналып дүниенің арты, міне,
Тірелді тұрлауы жоқ төркініне.
Тайсалмай Ежен ханнан ер Бөгенбай,
Елші боп барып еді-ау жер түбіне.
Қисап жоқ Бөгенбайдың ерлігінде,
Ер еді бұйым көрмес нар жүгін де.
Құлады алтын діңгек ортадағы,
Абылай арқа сүйер енді кімге?..
ІІІ
Іргесі берік еді тас қамалдай,
Үгіліп, қирап, құлай бастағандай.
Алыстап бара жатыр арман-үміт,
Бұлдырап көз ұшынан қашқан аңдай.
Тарландай тасқа шапқан болдырды ма,
Аңдаусыз аяғынан шалдырды ма?
Пұшпағы қуырылған көн терідей,
Қусырып келе жатыр тағдыр, мына.
Бір зұлмат келешектен қылаң беріп,
Басардай кең даланы тұман келіп.
Кетер ме жат қолында атамекен,
Жете алмас қиырына құлан желіп?
Қысады орыс-қытай қос бүйірден,
Ызғарлы ниеті бар тас-түйінген.
Түйедей мұрындықтап жетектемек,
Қамшысын шошаңдатып басқа үйірген.
Бүлініп ала тайдай елдің іші,
Азайды атқа мінер жөнді кісі.
Аянбай арыстандай арпалысты,
Аманат бір Аллаға ендігісі.
Тұрғанда билік деген қолда қамшы,
Табылар елге жаршы, малға жалшы.
Халықтың қай заманда күні қараң,
Шығатын ұл тумаса жауға қарсы.
Кетіріп қас дұшпанның салын суға,
Бітімге келіп еді Мамырсуда.
Табаны шұрқ тесік бұл қазақты,
Тағы да салар ма екен Тәңір сынға?
Кешегі қайран ерлер нардай шөгіп,
Барады күткен үміт шамдай сөніп.
Тағы да қасіреттің жартасына,
Қалар ма қалың елі маңдай соғып.
Жасауға өз дегенін тағдыр епті,
Қатары түскен тістей селдірепті.
Қазандай қайнайды іші Абылайдың,
Айрылып батырлардан ержүректі.
Өтетін билік айтса сөзі көпке,
Жоқ енді Төле би де, Қазыбек те.
Жарытып жалпақ жұртқа пана болмас,
Шыққанмен жалғыз самғап өзі көкке.
Бұлбұлдай жыр төгетін ерте оянып,
Бұқар да әзер отыр жер таянып.
Бәйтерек емес пе еді бұтақ жайған,
Көсілген көлеңкесін ел сая қып.
Қырандай сілкінеді тұғырдағы,
Көрсе де қияметті ғұмырдағы.
Бұқардың болжағаны рас келсе,
Батыстан қасірет тұр шұбырғалы.
Тізесі қалың елдің бүгіліп тұр,
Тағдыры тарамысқа ілініп тұр.
Қаһарман Бөгенбай мен Қабанбайдың
Жоқтығы Абылайға білініп тұр.
Шаншылып мұрты көкке қоныс қарап,
Жүретін дәурен енді алыстамақ.
Боларын бір сұмдықтың сездіргендей,
Ақ бура жатып алды теріс қарап.
Жалаңаш әулие де тіл қатпайды,
Қасына көп жоламай сырғақтайды.
Күрсініп ел қайғысын ойлағанда,
Таң атса, Абылайға күн батпайды.
Дүние көк теңіздей тербеледі,
Желкенін замананың жел кереді.
Кім білсін не боларын өткен түні,
Түсінде Бөгенбайды көрген еді.
Қар жауып Бөгенбайдың қабағынан:
«Аттан, - деп, - хан Абылай!» салады ұран.
Қолында найзағайдай жарқылдаған,
Жүзінен қылышының тамады қан.
«Абылай, - дейді, - жауға қамалғаның,
Төрінде жата берсең ақ орданың!».
Даусынан Бөгенбайдың кетті оянып,
Аяғы білмей қалды не болғанын.
«Ерім-ай, арысым-ай, - деп өкінді, -
Халқыңа кесіп бердің қоң етіңді.
Екпінің жау жапырған, ер Бөгенбай,
Дүбірің жерді жарған неге тынды?
Шапсаң да қамшы басып тарланыңа,
Әттең-ай, жете алмадың арманыңа.
Өтеді өле-өлгенше енді міне,
Тістеулі Абылайдың бармағы да!
Кезігіп зұлым жаудың өктеміне,
Жымсыған зауал жылжып жеткені ме?
Зая боп төгілген қан, қиылған жан,
Келмеске еркін заман кеткені ме?»...
Жүрегін өткір қайғы тіліп өткен,
Абылай медет күтті құдіреттен.
Сол сәтте құдіреттен хабар келіп,
Періште құлағына сыбыр еткен.
Періште не дегені Аллаға аян,
Жұмбағын дей алмаймын елге жаям.
Жүзіндей ұстараның жүз құбылған,
Бар сыры дүниенің Ханға баян...
ІҮ
Қобыздың күй сарнайды шанағынан,
Күңіреніп үн қосады дала бұған.
Шаңырақтың аясынан көзі шалды,
Аспанда шаңқылдайды бала қыран.
Шаншылып, биік шырқап, шарықтайды,
Біресе қанат жайып қалықтайды.
Жүдеген ел қамын жеп жерде отырып,
Қайғысын Абылайдың ол ұқпайды.
Жас қыран ұшқан сайын қарқындаған,
Ажалдан, тажалдан да тартынбаған.
Топшысын ол да бір күн тасқа соғар,
Қанаты қайырылып жарқылдаған.
Жердегі менсінбейтін тірі жанды,
Қыранның белгілі ғой сыры мәңгі.
Кете алмай, қайта-қайта шырайналып,
Үстінде ақ орданың жүріп алды.
Шиырығып, шамырқанып, долданады,
Кенеттен төмен қарай сорғалады.
Сарт етіп шаңыраққа қона қалды,
Абылай мұны көріп таңданады.
Шаңқылдап шаңырақта сәл отырды,
Сабалап түңілікке қанат ұрды.
Жалтылдап Абылайға қарады да,
Зу етіп көкке қайта ол атылды.
Сезді де кетпегенін қонып тегін,
Шақырды хан Абылай көріпкелін:
- Не дейсің, - деп сұрады Жалаңаштан, -
Мұндайды бұрын-соңды көріп пе едің?
Жалаңаш шақырды да кәрі жынын,
Шығарды сілікпесін зарығының.
Бұрқылдап ойнап алып, деді былай:
- Хан ием, бекер емес бәрі мұның!
Болған жоқ ұлың жаман, қызың нашар,
Ұрпағың жарқыратып жүзіңді ашар.
Білмеймін қай балаңның кіндігінен,
Бір тұяқ туады екен ізің басар.
Немерең арпалысқа бел буады,
Етегін көз жасымен ел жуады.
Атылып арыстандай айға шауып,
Кегіңді келешекте сол қуады.
Сұмдықтың шетін тұрмын көріп қалып,
Ар жағы бұлдырайды шаңыттанып.
Жүз өтіп қияметтің қыл көпірін,
Жетеді мұратына өліп-талып...
Белгісіз енді қанша бел асары,
Бұлыңғыр Абылайға болашағы.
Кім білсін сол мезетте көріпкелдің
Көзіне елестеді Кенесары...
Ү
Ерлігі – елге тұтқа, заманға айбын,
Атадан асып туған Бөгенбайдың!
Татымас оның қара тырнағына,
Тұқымын жинасаң да тамам байдың.
Жауына жай түсірген ер Бөгенбай,
Сиынбас аруағына пенде қандай!?
Қалмаса байтақ жерді кеше қорғап,
Кім білсін болар ма едік сорлағандай?
Түнерсе аспанды бұлт торлағандай,
Бұрқаған алай-дүлей ол борандай.
Қасқайып қарсы шауып өткен екен,
Келерін Тәуелсіздік болжағандай.
Бүл күнге өтіп келдік өткелектен,
Кегіміз қанша бірақ жатқа кеткен?!
Ел едік еңсемізді көтере алмай,
Рухын бабалардың өкпелеткен.
Жұрт едік көз ашпаған қырғындардан,
Шамшырақ мың күн сөніп, бір күн жанған.
Айналып өз төріміз темір торға,
Айдалып итжеккенге қуғындалған.
Дүние төңкеріліп сең көшкендей,
Қарасы қасіреттің енді өшкендей.
Тартсын деп Бөгенбайға ұл өсірдік,
Намысын тасқа жанып наркескендей.
Бақытқа деген ел жоқ мәңгі жеттік,
Аңсаумен Азаттықты таң күзеттік.
Арыстар атылғанда анық сездік,
Болғанын ердің құны – жалғыз оқтық.
Жасқанбай Желтоқсанда ерлік еттік,
Киелі Елдік туын желбіреттік!
Сардарға бір ескерткіш, міне, орнаттық,
Етпейді батырларға белгі көптік!..
ҮІ
Ақтасаң ана сүтін, ата күшін,
Азамат, еңсең биік – жоталысың!
Аямай қасық қанын, шыбын жанын,
Өлмейді, өлген ерлер Отан үшін!
Барсың ба, Отан үшін от кешуге,
Ажалға тура қарап беттесуге?!
Керек пе жүрегіңді жұлып беріп,
Етіңнен дайынсың ба ет кесуге?!
«Сүйемін, Отан үшін өлемін!» деп,
Оп-оңай – рахатын көре білмек.
Араша түсе алмасаң азабына,
Отанға сенің тіпті керегің жоқ.
«Отан!» деп атқа қонып құла таңда,
Қан кешкен Бөгенбайдай ұлы атаң да.
Ұмытпа, мойныңдағы парызыңды,
Мәңгілік қарыздарсың бұл Отанға!..
Атама, опасызды, сұмырайды,
Олар да өмір барда құрымайды.
Отанның амандығы – ұлы бақыт,
Отанның қайғысы да – ұлы қайғы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу