Өлеңдер ✍️
Тажалға табынба
Бір өзгеріс керек мына жалғанға,
Басу айтқан аярларға алданба!
Жаратылыс өйткені тұлданады,
Бұла жүзін аңсайды, бұлданады.
Бар тұнығын
Бес мың жыл былғап, ластап,
Құныкер боп адамзат жынданады.
Табиғат та тілеп тұр өзгерісті,
Адамзат та тілеп тұр өзгерісті.
Тартынбайды жойылып кетсе дағы,
Тартынбайды ажалдан, көрден сұсты.
Жатсынбайды тайфунды, цунамиді,
Тартынбайды қалса да құлап үйі.
«Жойылу да – өзгерiс нәтижесi», –
Деп ұйғарды данагөй тура биі.
Жер сілкініп, жанартау атқыласа,
Қанша айтсақ та керек деп сақтық аса,
Артық не бар Алланың жазуынан,
Мың сан адам шарасыз тапты қаза.
Табиғат та тілеп тұр өзгерісті,
Адамзат та тілеп тұр өзгерісті.
Қара құрлық мініп ап қайратына,
Қалап алды толқуды, төңкерісті!..
Өзгерiстен түлеу де туындаған,
Әрекеттен қан қызып, дуылдаған.
Гомо фабер бола ма бойкүйез жан,
Ер емес – ез, белін бекем буынбаған.
Бей-жай қылмас «табиғи өзгерiсің»,
Өзгереді сенің де күнкөрісің.
Гомо сапиенс – саналы ата тегің,
Іс-қимылмен кеңейткен көп өрісін.
Бір өзгеріс керек мына жалғанға,
Басу айтқан сазбеттерге алданба!
Ықпай соққан толассыз дауылдардан,
Отты жаңбыр, топан су, жауындардан,
Cан апаттан алапат аман қалып,
Жауырланған, жонданып сауырланған.
Келер күннен пендеңе не бұйырған?
Бір хабарды күте ме Нибирудан?..
Жер бедерi өзгеріп, жаңа мұхит
Пайда болса – күткен ек біз бұрыннан.
Нәтижесі енгізбек алаңды бір –
Тәумен болмақ өзгеге санаң құрғыр.
Көнбес оған рухани тазалықтың
Шыңына көтерiлген адам дүлдүл.
Шаттық емес, әрине, мұның қайғы,
Бұлыңғырлау болашақ бұлыңдайды.
Жер бетіне Тажалдың келуiне
Байланысты бұл сұмдық туындайды.
Тажал кім деп, замандас, аңқаусыма,
Тап жаныңнан табылар байқаусызда.
Жалғыз көздi пәлекет тура албасты,
Кіріп келер шусыз да, айқайсыз да.
«Шайтандардың ұстазы» сұңқылдаса,
Жәллап, кәззап күледі сыңқылдаса.
Қазiргi әлем патшасы – Тажал деген,
Жарар еді, бәріңді құл қылмаса?!
Құдаймын деп ол өзiн жариялар,
Соған сенер балалар, қариялар.
Соған сенер есі бар ересек те,
Соған сенер әулеттер, жанұялар.
Құдайсынған сұмдардың жоқ есебі,
Бұрын болған, қазiр де кездеседi.
«Жеке бас» боп шешеді тағдырыңды,
Малай қылып жіберер лезде сені.
Түршіктірер жаныңды сұры мына,
Тапжылмайтын Тажалдың құрығына
Ілікпейтін – шынайы мұсылмандар,
Айналады кәпірлер тұтқынына.
Сайып келсек, Тажал ғой «өзге» деген,
Іске жоқ та, сылдыр су сөзге кенен.
Бар мұраты – нәпсісін тояттату,
Адамзаттың мүддесін көздемеген.
Кiмдер сонда «шынайы мұсылмандар»?
Білген жаннан сұраңдар, қысылмаңдар.
Пенде тiлiн келтiрген кәлимаға, –
Кәміл мүслім деп өзін ұсынғандар.
Олар соған риясыз бек сенедi,
Дiни ғұрып, салттарды екшеледі.
Исламдағы парызды, амалдарды
Толық ұстап жүргендер еңселедi.
Өзімізді десек те мұсылманбыз,
Қалап алған тірлікке тұшынғанбыз.
Біз тәуелді жүйеге қалыптасқан –
Қоғамым деп құмартып құлшынғанбыз.
Бiз әлден-ақ Тажалдың сарбазымыз,
Сандырақпен ұштасқан арманымыз.
Өркениеттi арманның көкжиегi –
Көзімізді күнұзақ салғанымыз.
Өңкей мұндар – біз соны білеміз бе,
Тажал ділі – өнеге күнде бізге.
Қалайда бiз қалайық, қаламайық,
Соның өмiр салтымен жүреміз бе?!..
Бір өзгеріс керек мына жалғанға,
Басу айтқан аярларға алданба!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter