Өлеңдер ✍️
Қадір түні
Қажып-талып, титықтап дүрмек шумен,
Түн күзетіп шығудан жүрексінгем.
Тынықпақшы болып ем ерте жатып,
Қадыр түнін өткердім дөңбекшумен.
Дұрыс еді, бүйткенше, сергек жүрген,
Жақсылықты көксеумен келер күннен.
Ұйқылы-ояу дем алмай кетті мазам,
Тіпті тілек айтуға мен ерінгем.
Күндерімді кешкендей мен өксумен,
Қадыр түнін өткердім дөңбекшумен.
Бос үміттен мен әбден жалығыппын,
Өмір өтіп жатқан соң емексумен.
Арман, тілек, үміттен күдер үзгем,
Қай заманда тарығып, жүдеп жүргем.
Қарындасым айтыпты хал үстінде:
«Есімде жоқ күндерім жөндеп күлген».
Мен де қайбір жүр дейсің жарылқанып,
Тірнегімді тұрамын азырқанып.
Ер көңілмен қылжақтап күлген болам,
Қалтам түбі қалса да тақырланып.
Қинайтыны – еңбектің жанбағаны,
Кешкен күнге мейірдің қанбағаны.
Адам өзін қашанғы алдай берер,
Орнын олқы санайды жалғандағы.
Астапыралла, деймін мен шын түршігіп,
Айтқан сөзім болмасын күпіршілік.
Отбасым мен әулетім аман-сау боп,
Жасай берсе болдырмай – шүкіршілік.
Бай боламын дегем жоқ, би боламын,
Пұл аламын дегем жоқ, сый аламын.
Жүрегімнен шыққан жыр замандасқа
Мезгілінде жетпесе – қиналамын.
Заман тыныш,
болса егер Ғалам да аман,
Адамзат та, жекелей адам да аман.
Отаныма, мұсылман қауымына
Қауіп-қатер төнер деп алаңдаман.
Қабыл болсын анамның ақ тілегі,
Ұрпағына бақыт пен бақ тіледі.
Бордай тозып несіне таусыламын,
Не боларын алдымда Хақ біледі..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter