Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  117


Автор: Сəбит Бексейіт

Ай мен арлан

Ахау, жалған.
Ай мен Арлан...
Ай киелі қасиеті мен құпия сырынан айрылды,
Пәсейіп қалған, кезінде көзге көрінгенмен ересен,
Тұттай болып тоналған ол да бір аспан денесі.
Нил Армстронг бәтіңкесінің ізі қалған демесең,
Қаптап кеткен қайдағы бір ғарышкемелер елесі.
Көк жүзінде жеп-жеңіл сарыала шардай қалқиды,
Қаннен қаперсіз жайбарақат қалғиды да мүлгиді.
Сүттей ұйып тұрған сәтте көңіл шіркін шалқиды,
«Төри-төри» деп тартып ала жөнеледі бір күйді.
Арлан айбары мен атақонысынан айрылды,
Ай астында айдалада айкезбе боп жүр енді,
Тау-тасты кезіп, сай-салада сайранды салған күн
қайда?!
Аңдыған жемін баспалап қуып сала алмайды сүренді.
Бөлтірігі ойнақтап, қаншығы құйрығын бұлғай ма?..
Көкшулан арлан тұмсығын көкке созып, Айға
қарап ұлыды.
Ұлыды ұзақ көктегі Айды медет тұтып, сес тұтып.
Мойынын соза шағынып, үздігіп, діңкесі құрыды,
Өксікке толы кеудесі қысылды кетердей езіліп.
Ай астында айдала,
Көк жүзінде теңбіл бет Ай тербеледі жай ғана.
Көкшулан Арлан Көктаудан тоқтамай тартып,
Жеткен қырға табаны таусылып тайпала.
Айға қарап ұлиды-ай келіп, ұлиды,
Тізесі талып, аяғы құрғыр ұиды.
Көрген қорлығын айтып зарлайды,
Екі көзден ащы жасы парлайды.
Мұңын айтып шағынады, тұмсығын көкке көтеріп.
Айбынды шағын сағынады, сағым да болса хош көріп.
Опасыз жалғанның қуғынын көріп, сүргінін,
Бақ ұшты бастан, көк таудың тарқап базары.
Ақ қар мен көк мұз жастанып, күн-түнін
Шырғалаң жолда өткізіп, солғындап кетті ажары.
Пана таппай, қорек таппай, шарқ ұрып
тынбай сенделді,
Мінеки, тыңда, мұңлыққа да сөз берер енді кез келді:
– Көк бөрінің тау-тасы – жат қолында,
Баурайын да жайлады, шатқалын да.
Арлан деген атыма сын емес пе,
Атажұрттан айрылып, батқам мұңға...
Көк Тәңірі,
Мұң-шерімді саған шақпай, кімге шағам,
Ішімдегі сырымды білмес адам.
Көкбөріге теліп ап шыққан тегін,
Атымды да жамылды бір есалаң.
Дәм-тұзына пенденің таластым ба?
«Жау жоқ деме, бөрі – жар астында,
Бөлтірік – бөрі астында» – деп, мақалдап,
Екі аяқты айналды қастасыма.
Сөйтіп, мені адамдар жау санады,
Кезеулі тұр мылтығы һәм садағы.
«Көкбөрінің ұрпағы – біз боламыз»
Деп, осылар несіне сандалады?!
Көктегі Айды деп ұқтым манаршамың,
Өніп-өсу болатын бар арманым.
Қонысымды табайын, нұсқап жібер –
Бір пұшпағы бұйырса Сарыарқаның?!
Шағынарым, сағынарым – бір сенсің,
Көктен қарап, бар жайымды білгенсің.
Енді қандай қарекетке барамын,
Не десең де қабыл етем кірбеңсіз.
Қатты батты жаныма қор тірлігім,
Енді мені қинама, өлтір бүгін.
Қуып мені ит қосып, дабылдатып,
Олжа болды қапыда бөлтірігім!
Ай ше, Ай қайтті десейші?!
Нән қойдың теңкиген майлы құйрығындай
дөңгелеп,
Ғарыш кеңістігінде ілініп тұр биікте сонау қол
жетпес.
Апырай, мына көгілдір тылсым аспанда
ғажап өң бөлек,
Мысалда жазған қара қарғадай әурелеп мұны
қор етпес.
Сілекейі құрғыр шұбырды... мазасызданды
бір түрлі.
Өзекті хайуан болған соң, майлы ас жемей
жұбана ма аш қарын?
Сайтанның еске салуын қарашы, қайдағы
бір құрғырды,
Ішегі шұрылдаған қасқыр деді «бұл қай
сасқаным?»
– Арқар ауып кетті,
Жезкиік безіп кетті...
Ақ қоян, көк қоянның жымы түгіл,
дымы да жоқ...
Көктаудың қауқиған сұлбасы ғана қалды,
Ақ қары мен көк мұзы ғана қалды.
Басқа тіршілік нышаны жоқ. –
Соны айтайын деп еді ұлып-ұлып,
Діңкелеген күйінде дымы құрып.
Арып-ашқан, ашынған арлан сорлы,
Аспандағы Айға тұр құлдық ұрып!
Дөңгелек жүз Буддадай,
Сыр бермейді ол быттиып.
Сіңірлерін соза-соза,
Мұның болса бара жатыр бұты ұйып...
Енді бірде қарағандай безірейіп,
Бұл да оған қарар еді ежірейіп,
Әттең шіркін, бойында әлі болса,
Асып-тасқан кешегі күші болса?!..
Теңбіл бет Ай шошалада жоғары іліп қойған,
сарыала бір қарын май секілді.
Сорлы арланның ащы зарын елең қылар түрі жоқ,
Мүлгиді құр, мүлгиді...
Арлан байғұс шағынып, үздігіп...
Ұлиды-ай келіп, ұлиды...
Арлан сорлы жансыз затқа мұң шаққанға өкінді,
Бұдан былай ұлымауға, зарламауға бекінді.
Ай мен Арлан,
Айхай, арман
Адыра қалған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу