Өлеңдер ✍️
Мынау кештің болуы үшін көңілді...
Мынау кештің болуы үшін көңілді,
Қызықтырақ ету керек өмірді.
Ақ пейілдің дастарқаны жайылып,
Керім кешке құлшынысым көрінді.
Саған ыстық ықыласым бөлінді,
Күйтабақтан әсем әуез төгілді.
Ағытылып сырлы сұхбат тиегі,
Аққайнармен басайыншы шөлімді.
Шәй көйлегің сәнді және қонымды,
Білегіңе создым жайлап қолымды.
Бір жимиып қарадың да, мұңайдың,
Иығыңа түскен шашың толқынды.
Аққайнардық ақ көбігі атылды,
Жарастырды бізді сәтте шат күлкі.
Қиял шіркін шартарапқа жөңкілді,
Қолдай салшы мына мендей пақырды.
Аққайнармен басқан кезде шөлімді.
Көрген түстей ғажайып ет өңімді.
Әйел заты, табиғаты су тектес,
Ақсерке боп кешейінші көліңді...
Теңеушіл бұл бағалашы серіңді,
Гүлшанаққа ұқсаттым мен ерінді.
Сен – нәрлі гүл, ал мен болсам бал араң,
Аямашы шырыныңды, сөліңді.
Қара көзің – тұма бұлақ тұп-тұнық,
Шым батырар түбіне сол тұңғиық.
Кенезесі кепкен кезбе секілді,
Қаталап кеп бас қоямын құнығып.
Жаным іңкәр, тәнім тәнті, сұлуым,
Төге берші жүрегіңнің жылуын.
Маған ғана тиесілі мөлдірің,
Маған ғана тиесілі тұнығың...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter