Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  144


Автор: Сəбит Бексейіт

Ақиқат пен аңыз

Сiз үшiн бұл керемет аңыз,
ұқпай қойсам, ғафу ет, абыз.
Апырай, бiрдей басталмайды,
сiз бен бiздiң анкетамыз.
Не шара тағдырдың iсiне,
тым жиi кiргендей түсiне,
орала бередi қарт ақын
17-шi жылдың күзiне.
Шашбауын көтерiп Кеңестiң,
Сельвинский жолдас, қателестiң.
Шын бiлсең, сол жылы басталды
ғұмырнамасы кеңкелестiң.
Төңкерiс бекер-ақ мақталды,
жетпiс жыл ұрандап жақ талды.
Қарғыс атқан күзде бар ұлттың
тарихнамасы аяқталды.
Сөнгендей болды да жалқын күн,
орнады даламда салқын түн.
Ұжымшар – тасталған бомбадай –
бiрлiгiн бұзды ғой халқымның.
Қашақ қып қызылдар қашырған,
Қазағым тарыдай шашылған.
Отанын жоғалтып амалсыз,
өтенiн тапты Шын-Машыннан.
Қиялап қиядан, тау-тастан,
асып кеттi Иран, Ауғанстан.
Тұрағын тауып шөл, шөлейттен,
маңғұлмен, шүршiтпен туысқан.
Көргем жоқ ой-сезiм зиянын,
қиянға шырқайды қиялым.
Отамалы 37-де
оталды бар тектiм – зиялым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу