Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  184


Автор: Сəбит Бексейіт

Сарай ақыны

Қайшы келмей үкімет шешіміне,
құлақ аспай бұқара кесіміне,
мадақ етер қолында билік барды,
құлдық ұрып кеңсенің ресіміне.
Жорғалата жортақтар жай адыммен,
әр қимылмен дегендей «зиялың – мен».
Зайыбына: «Бәленгүл Түгеновна», –
деп, тіл қатар соншама биязы үнмен.
Әміршіге көрсетіп инабатын,
әспеттейді сыйы мен сияпатын.
Көрмейді елдің қиямет ит тірлігін,
сыр бермейді көрсе де шын михнатын.
Ауа райы секілді ашық, тымық,
жайлы жатып күн сайын, жақсы тұрып,
Көрген емес бірде бір қателесіп,
жөн-жосығы орнықты, мақсұты нық.
Қателеспес әрине сайтан ғана,
отырғам жоқ сондықтан жай таңғала.
Жымысқылық, сиқалық – бар болмысы,
бола қалсын әйтпесе қайдан дана?!
Мемcыйлықтан дәмелі көптен бері,
желпінеді соққандай көктем желі.
Өзгерткені болмаса мұқабасын,
сол баяғы жинағы – бөктергені.
Жиілетіп барар жер – ел ордасы,
саңылауды іздейді берер нәсіп.
Сөйтіп, сарай ақыны сайран салып,
жалпағынан жалғанды келер басып...
Ақындарда сирек-ау талайлы жан,
жайраңдата бермеген арайлы таң.
Ұлы Пушкин дворян болса дағы,
таппады опа патшаның сарайынан.
Біздің қулар тұрса да соны біліп,
сарай көрсе ентелеп жүр ұмтылып.
Өлермендей өңмеңдеп өршеленер,
қарап тұрсаң ісіне – бір сілімтік!
Құриды ақын тілінен бал таматын,
жырлап өтсе сарайлар салтанатын.
Тек аярлар шындықты көрмейтұғын,
тек қорқақтар шындықтан жалтаратын!
Сонда лашық мүддесін қорғайды кім?
Көптің қамын ойласаң – орнайды мұң.
Аманында Ай, Күннің ойрандалса
Шаңырақ пен Бақайым – сорлайды мың.
Ортасына түсіріп шаңырақты,
талай үйді көк жаға қаңыратты.
Торуылдап лашықты бақай есеп,
баспанасыз қандасты аңыратты!
Осы ма еді азат боп көксегенім,
осы ма еді өркені өскен елім?!
Қолдан жасап алып ап бай-бағланды,
енді бүгін ісінен сескенемін.
Мен сондықтан сарайдан безінемін,
қадамым шалт екенін сезінемін.
Еске түссе бұқара мұң-мұқтажы,
егілемін, бордай боп езілемін.
Айтар сөз жоқ, ал, сарай ақынына,
ақыл қосып бермеспін ақылына.
Байлық қосып беретін байлығына,
бара берсін қол жайып жақынына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу