Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  107


Автор: Сəбит Бексейіт

Бекзадалар мен жұрынқұлдар

Қарай көршi жазғанның сұрын мына, –
«Мыңның қамын ойлаған бiр сұңғыла».
Қопаң-қопаң етедi креслода, –
Өз орнында отыр ма жұрынқұл, ә?!
Жүгiредi жалбақтап жандайшабы,
Қуанады жанғандай маңдай шамы.
Қан жүгiрiп сұп-суық денесiне,
Бойын билеп жөнелдi қандай шабыт?!
Мақауы мен сақауы таңдай қағып,
Жарамсақтар қарайды аңдай қалып.
Кержалқаулар керiлiп есiнейдi,
Ақша десе желпiлдеп жалбағайы.
Қалт-құлт етiп бергендей қалтасынан,
Жан кетедi мұп-мұздай жамбасынан.
Теңге есептеп тентiреп есi кетiп,
Iлiп-шалып пұл жинар жан басынан.
Кiсiақысын жегенде қоңая ма,
Қызыл қанға екi ұрты бояла ма?
Бойға құт па сезбестен алған соғым,
Жылымқұрттың көңiлi тоғая ма?
Ермек болды оларға өлең деген,
«Ақын» болып әрқайсы көлеңдеген.
Әулекiсi дәулетi шалқығандай,
Әуре болып мырзасып өңмеңдеген.
Серiсiнiп, сергексiп алқашың да,
Құртын құрттап, езедi малтасын да.
Елден iшiп қалуды өнер санап,
Көк тиыны болмайды қалтасында.
Алағызып, қызынып айтып тақпақ,
Шатты-бұтты әрненi тантып шатпақ.
Ел қамы мен тiл қамын ойлаған боп,
Тойып алып сыраға шалқып жатпақ.
Әр кез дайын қолақы, жолақысы,
Дәрiптелiп мәз болар олақ iсi.
Есерсоқтар болмаса елiрмелеу,
Бiртоғаның келмейдi жолағысы.
Сән-салтанат бергендей көрiктiлiк,
Өте шығар көлбеңдеп көлiк мiнiп.
Қатал басшы болғансып мезгiл-мезгiл,
Қосшыларын алады бөрiктiрiп.
Орнын ойып алған соң бекзаданың,
Қызық көрмек, тартсын ба текке азабын.
ТЕНТIРЕСЕ ТЕКТI ЖАН
ЖОЛ ТАБА АЛМАЙ,
ТЕКСIЗ КӨРМЕК МАНСАПТЫҢ
КӨП ҒАЖАБЫН.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу