Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  156


Автор: Сəбит Бексейіт

Плюстер мен минустар

Бәрiң оң боп,
мен-ақ Терiс болайын,
келсiн әбден ыңғайың мен қолайың.
Кете барсам терiс мiнiп есекке,
табысыңды көрiп алдым толайым?!
Тындырғаның қыбыр iс пен жыбыр iс,
ирелеңдеп ысқырсаң да, iбiлiс.
Анализге берсең салқын қаныңды:
+ + + + /4 +/ –
төрт плюсiң – сифилис!
Тайқиды жұрт таяп кетсе тәнмерез,
қауiптi одан жаны сiрi жанмерез.
Тұла бойы харам, былық боймерез,
былығырақ одан бiрақ оймерез.
Көзге бiрден түсiп тұрса тысмерез,
сұп-сұр болып сыр бермейдi iшмерез!
Сенiң пасық ойыңша бiр iс бiткен,
СЫРТТАН кетiп, бейiл қойдың iшкi итке.
өзегiңе құрт түскен соң бола ма:
+ + + + + /5 +/ –
бес плюсiң – СПИД пе?!
Жиылып ап тоғыз плюс – тоңқылдақ,
бағытты да, бағдарды да оң қылмақ.
Шiңкiлдек боп шiңкiлдеп ем мен жалғыз, –
шыға келдi солшылсың деп солқылдақ.
“Оң қанаттыларың” тың ба, қылқұртым,
оңдырды ма бiр нәрсенi кiл қыртың?..
Солшыл болсам тым сезiмтал, тым кiдi, –
тайсалмастан
шындықты айтып
шыңғырдым!
Көп плюсiң белгiсiндей сырқаттың:
/дәрiгердiң диагнозы тым қатты!/
Кәпiрлердiң моласында – сол таңба,
қара крест – фашистерге қымбатты.
Бәрiң Плюс,
мен – Минус ем, ұнатпай,
түртпектеумен ығыстырдың шыдатпай.
Плюс – қара таңбасындай қарғыстың,
Минус – жүрегiме түскен сызаттай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу