Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.05.2022
143
Қара сұр бұлдыр дүние
Қара сұр бұлдыр дүние.
Дала сыр шашпай бұйыққан,
Қараймын мен де күйiне,
Шыға алмай түйткiл-тұйықтан.
Алас ұр, әлде тын iштен,
Қарарсыз тағдыр қатыгез.
Зәһардай ащы мұң iшкем,
Жалмайды келсе сәтi кез.
Тұлдырдай жетiм әр пенде,
Қылады талшық дәм-тұзын.
Кетпессiң түбi нар теңдеп,
Жалғаннан жарық мән түсiн.
Қара сұр бұлдыр дүние
Тымпиып мейлi қарасын.
Қайғы ие маған, мұң ие –
Жазылмас жүрек жарасы.
Үркiтпес қара құрдым да,
Қорқытпас ақырзаманың.
Iздеймiн жалпақ жұртымнан
Сыңарын ақыл-сананың…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter