Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  129


Автор: Сəбит Бексейіт

Эпитафия

1.
Сезесiң бе, дәл қазiр ауыр халiм,
Тiлiм-тiлiм жүрегiм, жауыр жаным.
Қалай ғана сен бiздi қиып кеттiң,
Қимай тұрмыз бiз сенi, бауырмалым?!
Мәрт мiнездiм, зерделiм, парасаттым,
Түнi бойы сен жаққа қарап жаттым.
Ендi қайтып сен бiрақ тұрмайсың ғой, –
Сараңдығын қайтейiн табиғаттың?!
Бұлқынбайды сендегi ұлы жүрек,
Түгестi оның қуатын құрдым түнек.
Сен дамылдап жатырсың мезгiл жетпей,
Сен кешпеген сал дәурен жүр дүбiрлеп!
– Құтқарыңдар! – деп көмек сұрағанда,
Ол ағаң да тас керең, бұл ағаң да.
Демеп со кез жiбермей, кеш қалдық бiз,
Көтеруге ұмтылдық құлағанда…
Естiлмейдi қалайша шақырғаның,
Күттiң бе екен бiткенше ақырғы әлiң.
Ұйқы қашқан сол түнi қандай оймен
Арпалысып өттiң сен, ақылманым?
Сөзге сараң, ойға бай тұңғиығым,
Ұғылмай-ақ кеттi ғой мұңды күйiң.
Түн бұйығып сыр ашпай түнередi,
Қалай кешем басымнан күндi қиын?!..
2.
Қыстың соңы,
Қарсаңында көктемнiң.
Бiздi егiлтiп кеткен күн,
Бiздi өкiнтiп кеткен күн!
Хош бол ендi,
Хош бол мәңгi, бауырым,
Соқпай кеткен дауылым,
Жаумай кеткен жауыным!
Қасындасың.
Жаны жайсаң әкенiң,
Болсын жайлы мекенiң,
Хош, аяулы Сәкенiм!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу