Өлеңдер ✍️

Өз шыңым, өз сеңгірім
Отыз төрт жас…
От бүркер өрт-сезiмiм,
Көбiк шашар қуатты өр теңiзiм,
Қарымыңды ойша мен шамалаймын,
Қала ма деп артымда ертең iзiм…
Отыз төрт жас,
Өз шыңым, өз сеңгiрiм,
Аспандағы Ай, Күнмен өлшенгiрiм.
Отыз төрт жас дегенiм (күнге шақсам) –
Он екi мың төрт жүз он сегiз күн.
Күн шығыпты сонша рет көктен күлiп,
Көктен күлiп, сонша рет төккен нұрын.
Күз ызғарын сездiм мен, қыс аязын,
Жаз шуағын сездiм мен, көктем буын.
Бiлем, бiраз белеңнен асып кеттiм,
Арынымды iрiкпей, тасып… төктiм.
Ашып бүгiн қарасам сыр сандығын, –
Асылымды жинамай, шашып кеппiн…
Жартысынан өмiрдiң көбi өтiлдi,
Жазмышымдай көргем бе бөгетiмдi:
“Құла!” десе дұшпаным, құлай саппын…
Соңғы айқас па?!.. Бiлмеймiн, неге тұрдым.
Көз жасымды төксем де көл, теңiз ғып,
Қайта лаулап жанар ма өрт-сезiмiм?
Өмiрзая боп кеткен – қайталанбас –
Он екi мың төрт жүз он сегiз күн!
Бұйырса ғой ендi бiр жиырма жыл,
Жыр-ғұмырдың көрер ем шиырларын.
Құйын-дарын бабына ендi келсе, –
Болар едi сол ғана сыйынарым!..
Бар болғаны –
Жетi мың үш жүз бес күн,
Келер, Уақыт, өзiңмен кiл жүздескiм.
Бұдан көбiн берiп ең, аяма азын,
Өмiр нәрiн сыйласаң – iшкiзбес кiм?..
Тым болмаса, ендi бiр он жыл болса,
Зая етпес ем сонша асыл ғұмырды онша.
Бар арманым – мәурiттiң сонша тапшы,
Әр сәтiнде кеудеме бұлбұл қонса!
Бар күн –
Үш мың алты жүз елу екi,
Жоқ қой ендi өмiрге келу екi!
Мың бiр ойды өрнектеп қалдыруға
Жетсе деймiн рухымның әлеуетi!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇