Өлеңдер ✍️
Жасыбай
Жатырмысың сұқ көздерден жасымай,
Жарықтығым, жәрмеңкелi Жасыбай.
Жүрегiмдi жарып шыққан жырым-ай,
Жанарымда жасаураған жасым-ай!..
Жүз қаскүнем жазды есiмiн жартасқа,
Жанашырың жалқы болмас, марғасқам?!
Әлi есiмде: саған барған сол жазда
Бiр “жазғыштың” жағасына жармасқам…
Ғажап сурет!.. Санам, тағы үңiлгей,
Естен кетпес кешегi күн – бүгiндей.
Текше-текше тастарың сол, шынында,
Сұлу қыздың жинап қойған жүгiндей.
Тың теңеулер кеткен сонда елестеп,
Махмұт-аға, түстiң сонда сен еске.
Текше-текше осы тастар, тегiнде, –
Қаттап қойған қолжазбалар емес пе?!
Баянтауға қарадым да үмiтпен,
Сарыарқаның жаңбырындай жыр күткем.
Жасыл арша – қауырсынды қаламың,
Тас үстiне шаншыла кеп тiк бiткен.
Ұстап көрдiм қаламыңның сабынан,
Кетпептi әлi шебер қолдың табы да.
Арша – қалам, жауын – сия, тас – қағаз,
Бәрi де әзiр туар жырдың бағына!
Қолтаңбасын жазса пенде сыр, әкпен,
Қолтаңбасын жазады ақын жүрекпен.
Тоғышарлық – тасқа түскен шимайлар,
Азаматтық – сенi әспеттер жыр-дәптер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter