Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  106


Автор: Сəбит Бексейіт

Ақиық

Сәкен екi тумайды деседi жұрт,
Туады екен… төнбесе кешегi бұлт.
Өшедi мұң көңiлден кiреукелi, –
Бұлбұл құсым сайрайды, өседi гүл…
Кiм естiптi ақынның үнi өшкенiн,
Тыншығанын кiм көрген күрескердiң?!
Бiрге жасап келедi ұрпағыңмен
Сұлу бейнең, семсер сөз, жыр өркенiң!
Ашқандығым емес бұл ақиқат тың,
Дара дарын – кеңдiгi табиғаттың.
Сәкен – сұңқар,
Сәкен – сән,
Сәкен – аңыз –
Ел мен Жердiң мақтаны –
Ақ иық ақын!
Замананың шыңдаған от-дауылы,
Жасқанбаған жатса да оқтар ұлып.
Бай-манаптың қас жауы, қас дұшпаны,
Жоқ-жiтiктiң жолдасы, дос, бауыры.
Мұндай ұлды Арқадай Дала туған,
Мұндай ұлды Жамалдай Ана туған.
Ақын Сәкен,
Ер Сәкен,
Сұлу Сәкен –
Дара көрiк,
бiрегей Дара тұлға!
Төнбейдi ендi ешқашан кешегi бұлт,
Бұлбұл құсым сайрайды, өседi гүл.
Атқарысып ақынның мүшелтойын,
Көшедi өлең өмiршең, көшедi жыр.
Жасай берер көнермей жыр сұлуы,
Жүректерге шуақ боп нұрлы сыры.
Көз алдымда – сыр сандық сым пернелi,
Құлағымда – сиқырлы тұр сыңғыры…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу