Өлеңдер ✍️
Байрон... Брюсов...
Бала жастан бауыр бастым Байронды,
Бозбала шақ Бодлер болып ойландым.
Бертiн келе Беранже мен Бернске
Бейiл қойған өттi талай сайран күн.
Әттең шiркiн, бола алмадым, не керек?!
Менiң үшiн Джордж Байрон – Эверест.
Өрт-жалынға күйсе де iңкәр көбелек,
Бәйтерекке өлсе де ынтық кебенек.
Жегi құрттай қу жанымды жедi мұң,
Жетпедi деп, жетпедi деп тебiндiм:
Оноре де Бальзак болуға өнерiм,
Семюэль Беккет болуға сенiмiм…
Байқаймысың, Б-лар жазған шедевр көп,
“Б” таңбасы түскен тасқа бедер боп.
Көсемсөздi Белинский болар ем,
Әттең бiрақ, бiлiм бар да, бедел жоқ.
Байрон, Бернстен жеттiм Блокқа…
Блок – ұлы от.
Алдында оның үйiрiлер жыр-флот.
Қайда маған бұл жалғанда Ол болу,
Құр рәсуә мың сан қағаз, блокнот!..
Бәңгi болған бүйткен тiрлiк құрысын!
Бәрiн қойып, пенде болған – дұрысы.
Жырсыз жүрген, бiр ақынды бiлмейтiн
Нәсiпқұлдың шайқалған жоқ ырысы.
Жан сырымды бiлмек болсаң, кiр үйге,
Жұмбақ кiлтi – Коперник пен Бруно.
Алып биiм – Эйнштейн мен Фридман,
Әлiп биiм – протон, фотон, нейтрино.
Бөлмем суық, бүгжиемiн бүрiсiп,
Бойым дел-сал… бiр суимын, бiр ысып:
Ұлы Блок бола алмадым, қайтейiн,
Болсам деймiн тым болмаса Брюсов?!..
Қандырам деп құлақтардың құрышын,
Күрмегінен айырам деп күрішін,
Тауға да ұрдым,
Тасқа да ұрдым басымды,
Киелi де қасиеттi Жыр үшiн!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter