Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.05.2022
132
Санамда - сапар, сапарда - санам
Ұлықбек Есдәулетке
Санамда – сапар,
Көк дөненнен де
жүйрiк көңiлiм, маң далаға апар,
зымыраннан да
ұшқыр қиялым, сан қалаға апар.
Маған да таңсық,
саған да таңсық шаһарларды айтсам,
берiде – Герат,
әрiде – Гуадалахара бар.
Сапарда – санам.
Жолсапар десем,
өрекпiп жүрек, лапылдап жанам,
ұшып мен жетем,
Құрлықтар, Елдер, қабылда! Барам.
Күндерде бiр күн
Париждi көрсем, атташе достым,
түсiмде көрген
көшесiн табам, таң қалма маған!
– Сәт сапар! – десең,
– Бiссiмiллә! – деп,
алысқа тартам белiмдi буа,
ниетiм түзу,
мақсатым iзгi – ақ жолым куә.
Ой тұңғиығын
меңзейдi маған Тынық мұхиты,
Парасат шыңын
меңзейдi маған Джомолунгма!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter