Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  139


Автор: Сəбит Бексейіт

Жақұт жыр

Тым сирек түседi дәптерге жақұт жыр,
Жақұт жыр туады сәттерде бақытты.
Бақытты сәттерде бұлбұлың түгiлi,
Құрқылдап шарқ ұрған кептер де шабытты.
Шақырса асқар тау, шақырса шырқау шың,
Шақырса кең дала, шақырса қыр даусы,
Саңқылдап жөнелем, күмбiрлеп жөнелем,
Мүшәйра, айтыста ақынша жырлау – сын.
Тым сирек туатын тұлпар-жыр, сұңқар-жыр,
Жапанда, заңғарда зулап жүр, шырқап жүр.
Асау жыр, кiдi жыр – тәкаппар сұлу жыр,
Қойды ғой ерте-кеш құмар ғып, iңкәр ғып!..
Ару күлкiсiндей ұйқымды аш сыңғырлап,
Домбыра үнiндей көбiк шаш, күмбiр қақ.
Мен сенi аңсаумен, көксеумен келемiн
Әлi ешкiм таппаған соны ұйқас, тың ырғақ.
Жыр туса өткендей көзiнен жүзiктiң,
Құмбыл үн бұлбұлдың өзiнен үздiкпiн.
Жауһар жыр дегенiм, жақұт жыр дегенiм:
Сезiнем – жарық күн, сезiнем – ыстық күн.
Туса егер ғайыптан бiр тума ұлы өлең,
Жүрек пен жанарға нұр тұна жүрер ем.
Жасайды ұлы өлең санама төңкерiс,
Жасайды ұлы өлең ғұрпыма дүрбелең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу