Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  161


Автор: Сəбит Бексейіт

Наурызнама

Жүр-жүрлейдi кернейлетiп, сырнайлатып жыр даусы,
Жебеп жiбер, демеп жiбер hәйям, Хафиз, Фирдауси!
Күншығыстың күнi туды мұнарланып бұлт басқан,
Кенелiп тұр, бөленiп тұр қуанышқа нұрлы аспан.
Дүниенi аялаған Жаңа күннiң нұрын көр,
Дүр сiлкiнiп жасанады, гүл жайнайды жұмыр жер.
Мейрамын бұл сағыныштың, үзiлмейтiн үмiттiң,
Момын жұртым, күдер үзбей алпыс екi жыл күттiң.
Шүкiр, бүгiн он екiншi мәрте сенi қарсы алып,
Шаттанамыз "Төрлет, Наурыз! Хош келдiң!" – деп жар салып.
Кербез көктем, керiм көктем – жақсылықтың нышаны,
Көтер, елiм, еңсеңдi бiр жаңғырудан күш алып.
Жайсаң жазың – жанға шуақ, рақым, мейiр анасы,
Жадырайды қунап, түлеп адамзаттың баласы.
Айтады елiм ақ ниетiн, арманы мен тiлегiн,
Ақиқат пен Әдiлетке ұсынады жүрегiн.
Тыныштыққа, молшылыққа жеткiз, маусым киелi,
Тiршiлiкке, гүл өмiрге жасашы өзiң иелiк!
Жас пен кәрi ұлыс күнi құшақтасып көрiскен,
Жаңа ағытқан қозылардай жамырасып өрiскен.
“Кiрсiн жерге бәле-жала, сақтай гөр, – деп, – терiстен",
"Кел, таза бақ, кел, төрлет",– деп қарттар бата берiскен.
Жүр жосылып шал мен кемпiр, бозбала мен бойжеткен,
Жұрт бiткендi желiктiрген, елiктiрген той неткен !
Наурыз деген – жалын жастық , үр сұлулық көктемi,
Нұрлы өлкенiң мөлдiр суы, қызғалдақты бөктерi.
Сәукелеңдi саудыратып шық , келiншек, керiлiп,
Серi жiгiт "Бiр келiншек" әнiн айтсын сенi iлiп.
Жаңа пiскен алмадай боп шыққайсың, қыз, албырап,
Жанарыңның жалынына бозбала тұр балбырап.
Сұлушаштың көзiндей боп жүр Арқаның аруы,
Сәмбi талдай солқылдаған бойында Күн дәруi.
Келешекке тартты Наурыз айдарынан жел есiп,
Күтедi алдан жарқын жылдар, жауhар жырлар белесi.
"Ақ жарылқап, күн туғандай" риза халқым бұл шаққа,
Ақ жарқын боп күлiмдейдi гүл толтырып құшаққа.
Жалқын нұрын, мол шуағын төге берсiн күмiс күн,
Жасай берсiн жылдың басы –
ҰЛЫ КҮНI ҰЛЫСТЫҢ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу