Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.05.2022
97
Былтырғы көктем
Былтырғы көктем тым бақытты еді,
Жырлатып мені тұрғасын!
Үлпілдек үміт үн қатып па еді,
Құрғатып еді мұң жасын...
Былтырғы көктем тым биік еді!
Тұңғиық нұрға жүзді анық.
Әппақ бір сезім күнді иіп еді,
Түн күйіп еді...
Қызғанып.
Атады енді таңың қай гүлмен,
Сеземін:
Мені сүйесің!
Сәл ренжіп қалып,
сағынбай жүрген,
Сезімнің мәңгі иесі...
Үмітке бөлеп,
келер деп көктем,
Білемін:
Мені сүйесің!
Өкпелеп қалып,
өгей боп кеткен,
Өлеңдерімнің иесі...
Биыл:
Жабырқап жатыр жаны құс қала,
Өзгертіп алып түн кейпін.
Былтырғы Көктем...
Сағыныш қана,
Сезбейтін...
Ешкім білмейтін...
(Анығы:
Мені сүйесің!)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter