Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  1046


Автор: Дулат Бабатайұлы

Сүлейменге

Айбарлы ақ ордада
Әшекейлі дөдеге
Шаншулы найза, ілулі
Алтын сапты селебе.
Айқара қамқа жамылып,
Алдында күміс тегене.
Ардақты туған атадан
Әуелі сәлем берейін
Сүлеймен сынды төреме.
Төреліктің белгісі –
Елін жауға бере ме?
Еліне қорған болмаса,
Ел төрені көре ме?
Қаршығаны қайырма,
Қалыңға салса батпаса;
Мергенге мылтық кезетпе,
Атқан оғы айнымай,
Түтінін үзбей атпаса;
Батыр деме батырды,
Шеп құрған жауға шаппаса;
Төре деме төрені,
Ел тілегін таппаса;
Қару деме семсерді,
Шапқанда сүйек қаппаса;
Досым деме досыңды,
Күле кіріп келгенде,
Күңірене есік аттаса;
Жыршының аты жыршы ма,
Әркімнен өлең жаттаса?!
Сөз – жібек жіп, жыр – кесте:
Айшығы айқын көрінбес,
Өрнексіз тігіп баттаса;
Шешеннің аты шешен бе,
Таңдайға дәмі үйіріліп,
Даугердің тауын шақпаса?!
Дулатты Дулат демеңіз,
Тас ағызып ағыны,
Төре алдында ақпаса!
Сүлеймен төре, құлақ сал
Дулаттың төккен жырына.
Үңілсең, көзің жетер ме
Теңізден терең сырыма?
Төрдегі өңшең отырған
Топырыш, топас, күшіген,
Жау айбынбас күшінен,
Ел түңілген ісінен.
Дулат келсе, бермейді
Төрден орын сырыла.
Толғанып, төрем, көз жібер
Ойың менен қырыңа.
Барақ сынды төреміз,
Кеңесбайдай кереңіз,
Ақтайлақ пен Аққожа,
Әділ бекзат кеткен соң,
Жан жіп байлап жанына,
Құрық берді ұрыға.
Аруақтың артқы сарқыны,
Алал бекзат туысым,
Айбарыңды байқасам,
Алтын зерлі түбімсің,
Ауыл-аймақ, көршіңе
Алтынның айшық буысың;
Әділдігің – қазақтың
Ақназардай биісің;
Адалдығың – аңқылдақ
Сыбызғының күйісің;
Қас дұшпанға қасарсаң,
Қан шықпас тастай түйінсің;
Ел қамын жеген ер болса,
Сабазым, сендей күйінсін.
Сырға берік сырбазым,
Ашуын таппас қиынсың.
Бірақ, жалған, қайтейін!
Мезгілсіз келіп дүниеге,
Аптапқа түскен басың бар.
Жау айбынар досың жоқ,
Жар, жапсарда қасың бар.
Жылайсың да шыдайсың...
...Күні өтіп, айы асқан,
Енді қазақ ел болмас.
Дәрігері дарын болса да,
Ауруына ем қонбас.
Мүйіздескен сиырдай,
Байласаң, басжіп жетер ме?
Еңбегің – еш, тұзың – сор,
Қайратың селге кетер ме?
Толқынды теңіз заманнан
Сенімді кеме болмаса,
Желқайықпен өтер ме?!
Елің үшін еңбек қыл,
Отыра берме бекерге.
Көмбеге таяп қалғанда,
Жүйрікке керек көтерме.
Аяз қысса мүйізді,
Мүйіз қысып тұқылды...
Қанталаса тұқылың,
Алпыс екі тамырың
Қаңсып қалған сықылды:
Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты...
Атқамінер ауылда
Итше ілініп ылықты.
Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан дағы қылықты.
Ұлық кетсе, қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты.
Бұзауы өлген сиырдай
Сауыны иіп Дулат жүр,
Mice қылып тұлыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу