Өлеңдер ✍️
Дала дауысы
Сұқтанып қарап, таусылар
Сынаса – дұшпан, жау сынар.
Жүрекпен тыңдай білгенге
Даланың-дағы даусы бар.
Бұлақтың сонда сылдыры,
Құрақтың сонда сыбдыры.
Фәнидің болған мәніндей
Сәбидің сонда былдыры.
Тұлпардың сонда дүбірі,
Сұңқардың сонда тұғыры.
Қыранның сонда саңқылы
Ғибратқа толы ғұмыры.
Секілді мөлдір таң шығы
Ғашықтың сонда бал сыры.
Ауыздық шайнап алысқан
Асаудың сонда қаршылы.
Шырқаған сері-сал жиі
Алаштың сонда ән-күйі.
Алақанында тербеткен
Анамның сонда әлдиі.
Тыңдауға бәрің хақылы,
Сатылмайтұғын ақылы,
Ұлтымды ұйытқан
Ақсақал
Атамның сонда нақылы.
Жібермей жатқа есені,
Сақтаумен бағым бес елі.
Даламның даусы –
Далалық
Бабамның даусы кешегі.
Білген соң бабам сезіне,
Тағдырдың төзген тезіне.
Дауысын құртқан халықтың
Құрдымға кетер өзі де.
Жаралған жоқпын текке құр,
Жеткізер Айға жетті өмір.
Халқымның даусы –
Халқымның
Өзіндей ғана қоп-қоңыр.
Тұғыры биік тау-шыңнан,
Ғұмыры нұрға малшынған.
Мен – Қазақ деген Ел болам!
Танысын дүние даусымнан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter