Өлеңдер ✍️
Шебер
Құдай менен халқы болған сенері,
Қазақпенен егіз туған шебері.
Атақ-мансап қажет емес оларға,
Елден алар алғыс-бата керегі.
Ел-жұртына бағышталған әр ісі,
Ел-жұртынан алған бата – табысы.
Оңдағаны – сол жұртының дәстүрі,
Қорғағаны – сол жұртының намысы.
Жан семіртіп бата-тілек, алғысқа,
Тон мен ішік тіккенімен әр қыста,
Өз қолынан шыққан затқа жарымай,
Қоңыртөбел тірлік кешкен мәңгі ұста.
Ұлдарының ұстағаны біз-балға,
Оның жайын шын түсінген біз бар ма?
Иіледі бабын тапса ағаш та,
Түйіледі қара темір қызғанда.
Қыздарының қолдарында ине-жіп,
Ине-жіппен жер-жаһанды игеріп,
Батыр ұлға тымақ тігіп беруге
Жатыр әне түлкі тері иленіп.
Қанжар ұстап шебер соғып терлеген,
Қалқан ұстап зергер әсем зерлеген,
Әбзелденген атты мініп кермеден,
Атам қазақ жауға намыс бермеген.
Содан қалды мынау байтақ Жер деген!
Содан қалды мынау асқақ Ел деген!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter