Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/01.jpg)
Биіктік
Биік Аспан болғанымен Отаны,
Биік Күн де аласарып батады.
Биікпін деп мақтанатын Жұлдыздар
Көз алдыңда ағып түсіп жатады.
Тағдырымен байласса да серт шыбық,
Күлге айналар шарпыса оны өрт шығып.
Бір-бірімен жарыса өскен теректер
Дауыл тұрса, дамылдайды морт сынып.
Ғалам саған мүлік емес қолдағы,
Тылсымменен тілдесіп көр ондағы.
Биік-биік бетон үйлер қирайды
Жер анамыз сәл сілкінсе болғаны.
Төменсің деп басынса да даланы,
Қара Жерге тіреліп тұр табаны.
Аспан сүзіп, асқақтаған Тауларды
Көктен көрсең төбедей боп қалады.
Дәл мен үшін жаһандағы ең биік –
Таулар да емес, заңғар де емес кермиық.
Биіктерді тұрса да өзі көтеріп,
Биікпін деп мақтанбайтын Жер биік.
Солай, досым,
Ұлы дала ерлігін
Бізден басқа бағалайды енді кім?
Таудай жалаң биіктігің құрысын,
Жердей дархан тең жүрмесе кеңдігің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter