Өлеңдер ✍️
Жыр құдіреті
Әрбір күні ай емес-ау, жылға тең
Ауылыма оралғанда нұрлы-әсем,
Жол үстінде жолығысып қалғаны
Отар-отар түлігі бар бір жәкем.
Ықыласы қос сөмкеме ауды да,
Жанұшыра былай деді даурыға:
− Иә, бала, шалғайдағы қаладан
Не базарлық алып келдің аулыңа?
− Дұрыс, аға, жырақ кетіп елімнен,
Поэзияның әлемінен көрінгем.
Соңғы жазған өлеңімді оқиын,
Базарлығым өлең болсын, − дедім мен.
Шытырлатып қалтасында теңгені,
Қабағымен атып тұрып ол мені,
Өлеңімді жаймен оқи бастап ем,
Тыңдамады, тыңдағысы келмеді.
Тыңдамады, тыңдағысы келмеді,
Жөн болмады асыл сөздің өлгені.
− Сөз баққанша, мал бақпайсың неге сен?
Мендей болып байығаның жөн, − деді.
Қой жайлы жыр оқып едім бір шумақ,
Әлгі жәкем зейін қоя тұр тыңдап.
Аз кідіріп, «Жыр құдірет екен!» деп,
Құшақ жайып, құшты мені ырсылдап...
Ұлылығын ұқтырдым-ау жырдың шын,
Тәңір оның түлігін де мың қылсын.
Егер өлең оқитұғын мал болса,
Малға мен де қызығар ма ем, кім білсін?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter