Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  407


Автор: Серік Сейітман

Уақыт құндылығы

I
Қиын-қыстау күн кешсе де азап шегіп қаншама
Құмырсқа да өз басына ұзақ ғұмыр тілейді.
«Ажал» деген – ажарсыздау, тым суық сөз болса да
Сол «Ажалды күту» деген – ажалдан да үрейлі.
II
Әмір-күші жүрген тұста әділетсіз патшаның
Қап-қара бұлт қаптапты бір бозбаланың аспанын.
Оның мойны дар жібіне асылғалы тұр еді,
Қарт кейуана жалғызының амандығын тіледі:
− Бұл дарға емес, асыңдаршы дарға анау тұстағы, −
деп, кәрі ана екі дардың келесісін нұсқады.
Дарда қызмет етушінің жетім еді біреуі,
Анасынан бесігінде жетім қалған ұл еді.
Ана сөзін қабыл алып әлгі сол бір жас ұлан,
Дардың жібін шешіп алды жас тұтқынның басынан.
Алып бара жатқан кезде «келесіге» жігітті,
«Асылмасын!» деп мөр басқан патша үкімі шығыпты.
Ұл тағдырын шешті жалғыз бір тілек пен бір минут,
Бір минуттан кейін ғана шыға келді Күн күліп.
Бір минуттан кейін ғана тірлік оты маздапты,
«Дар мен дардың арасы да − өмір» деген сөз қапты.
Әділдіктің минуттары жүргендіктен жырақта,
Талай тұлға тәуелденіп қалмап па еді бір оққа.
Бақыттымыз – сұм дәуірдің қазір бізден
көші алыс,
Бізге бақыт сыйлағандар − «Үш бәйтерек»,
«Бес арыс».
Бізге бақыт сыйлағандар − Абай сынды ақындар,
Махамбеттер, Исатайлар, сан тарихи батырлар.
Бізге бақыт сыйлағандар − Ербол, Ләззат,
Қайраттар,
Ей, Келешек!
Басың көтер!
Қолыңа Көк Байрақты ал!
III
Жетегінде қиялдың жүгіремін, жүремін,
Тоқтай қалсам уақыт аямасын білемін.
Шындық үшін шырылдап, өртенеді өзегім,
Сол себепті жауымның көп екенін сеземін.
Өтірікпен күнелткен адамдарда күш көп-ті
Ақша менен атақтың достасқаны іспетті.
Даналықпен болғысы келмесе де кім араз,
Ақыл айтқыш ауыз көп, тыңдайтұғын құлақ аз.
Бүгін бітер тірлікті қалдыратын ертеңге
Ел ішінде еріншек әрі бейқам ер кем бе?..
Соның бәрі сезініп өз-өздерін бақытты,
Бағаламайтын жандар алтыннан зор уақытты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу