Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  134


Автор: Серік Сейітман

Бір қазақ бар

(«Шалқар» радиосына)
Ғасырлардың бізге жеткен үні өзі,
Асылдардың бұлжымаған тіні өзі.
Бір қазақ бар,
Бәрі өзгеріп жатқанда,
Ділін сақтап, өзгермеген бір өзі.
Талайларды тәрбиелер, бағы асса,
Талайларға тұтқа болар, жаратса.
Бір қазақ бар,
Патшаның да Жарлығын
Мойындамас айтылмаса қазақша.
Жылап тұрған беті-жүзін жас шайып,
Бар болғырға таға алмассың әсте айып.
Бір қазақ бар,
Жаһанданған дәуірдің
Дауылына қарсы тұрған қасқайып.
Анасынан арда туған арыстай,
Даласына жаны құрбан барыстай.
Бір қазақ бар,
Биігінен қазақтың
Сарнап тұрған тіл мен жағы қарыспай.
Қилы заман тасын атып тасадан,
Қаптағанда жүректері тас адам,
Бір қазақ бар,
Азғындаған ұрпаққа
Ақыл айтып, ақсақалдық жасаған.
Абайлардың батып кетті айы ептеп,
Бұл қоғамда оған мысал, дәйек көп.
Бір қазақ бар,
Ата-баба дәстүрін
Қарлығаштай қорғаштаған бәйек боп.
Нағыз қазақ деп атауға жарамды,
Басқа қазақ таба алмадым табанды?
Сол бір қазақ аман болсын,
Әйтпесе,
Бар қазақтың болашағы қараңғы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу