Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  150


Автор: Серік Сейітман

Жақсыдан шарапат

Өмір – теңіз, ішіндеміз кеменің,
Көңіл өзі аңсайды екен дегенін.
Адамдардың арасынан қаптаған
Адам іздеп келемін.
О адамзат!
Адам керек – барсың ба?
Сыйласуға дүниені тарсынба.
Әр күн сайын кездесетін қарсыңда
Бір түсейік әр сынға.
Қорықпаймын тірлігімнен ақсаған,
Қорықпаймын азаптан да, басқадан.
Мен қорқамын мынау жердің бетінде
Қалмай ма деп жақсы адам.
Жақсы адамдар ұзағырақ жасасын,
Басқа жандар жойсын қарап қатасын.
Жарықтықтар жанымызда жүргенде
Ап қалайық батасын.
Керек емес кердеңдерден марапат,
«Адам» дейтін бізде биік бар атақ.
Ал адамға, ал адамға ең керек –
Жақсылардан шарапат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу