Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  94


Автор: Серік Сейітман

Жұмақбек

Марқұм болған ананың да
көрін қазған бір өзі,
Шетінеген баланың да
көрін қазған бір өзі.
Жомарт түгіл, сартыңның да
көрін қазған бір өзі,
Боздақтың да, қартыңның да
көрін қазған бір өзі.
Ешкім білмес,
Зират жайын білуші еді бір өзі,
Жаназада қос білегін түруші еді бір өзі.
Ауыл жақта күңіреніп көтерілсе азалы үн,
Қабір жақта күрегін ап жүруші еді бір өзі.
Тағдыр кейде тұрғызса да қатыгез жел, сұм дауыл,
Адамдардың жүрегіне егуші еді жылда гүл.
«Өлсе егер де бұл кісіге пейіш төрі дайын» деп,
«Жұмақбек» деп азаматты атап кетті күллі ауыл.
Қыста-дағы ауылдастың алғыс сөзін естіді,
Бүгежектеп жатқан жоқ ол жылы екен деп пеш түбі.
Бұл ауылда қайтыс болған адамдардың бәрінің
Жұмақбектің жәрдемінсіз жерленбеді ешбірі...
Биылғы күз бұл ауылға қалдырмады аз белгі,
Қарлығыңқы қаңқылымен қарашада қаз келді.
Биыл күзде бұл даланы қасіретті саз көмді,
Жұмақбектің қабір-үйін бүкіл ауыл қазды енді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу