Өлеңдер ✍️
Ақ
Қара түнде дүниенің әр алабын
Айдың аппақ нұрымен араладым.
Қос періште Расулдың жүрегінің
Ақ қарменен жуыпты қара дағын.
Ақ қантты жалатсам атқа үнемі,
Айтқаныма бағынып, басбіледі.
Албырт сезім балқытар
Мойыныма
Ару қыздың асылса ақ білегі.
Адамзаттың жүрген соң ол да ішінде
Ақын жүрек сұлуға ой бөлмесін бе.
Ақ періштем қолыма қонған сәтте
Ақ анамның Күн күлер кеудесінде.
Аз-кем еді тым аппақ мақта шашы,
Атын жазып әжемнің, тас қашашы...
Алыс сапар шеккенде бойтұмарым
Ақ сақалды атамның ақ батасы.
Аңғартқанда әділдік аңғалдығын
Арпалысып,
Айтумен арман жырын,
Ағаларым аттанды арғы өмірге
Ақ жарының буынып ақ жаулығын.
Арсыз заман тұсында атамандау
Атқанда оғын, тығылып, тасадан жау
Адал жандар болса да ар алдында,
Аққа оранбай боздақтар кете барды-ау!
Алабұртқан дүниеде мына жалған
Алламды да ойымнан шығара алман.
Ақ сәлделі имамға ұйып тұрып,
Арылады пенделер күнәлардан.
Айта алмаспын өшпес деп мәңгі демім,
Адаммын ғой әншейін – бар білерім.
Абиырсыз қылмасаң болды мені,
Ақ арыммен апталған ақ жүрегім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter