Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  196


Автор: Серік Сейітман

Сайра, бұлбұл

Сайра!
Сайра!
Сайрай берші, бұлбұлым!
Сайрауыңсыз өтпесінші бір күнім.
Ырғағыңмен заңғар көкке көтерші
Қараша үйдің тұнжыр көңіл тұрғынын.
Қыстан кейін қонақ болып жүз баққа,
Кешігіп кеп, көңілімізді сыздатпа.
Көктем сенің қанатыңның астында,
Қанат қағып, самғай берші біз жақта.
Сайра, бұлбұл!
Сайрауыңа «жерік» ем,
Әрбір кеште даусыңды аңсап көз ілем.
Бейбіт елдің таңы атқанын тағы бір
Әуеніңнен оянғанда сезінем.
Шырқа!
Шырқа!
Шырқай берші, жарқыным!
Қарғалардың естіртпеші қарқылын.
Ұлан-ғайыр ғаламшардың бетінде
Ешкім сендей меңгермеген ән тілін.
Ешкім сендей меңгермеген ән тілін,
Маған берші дауысыңның артығын.
Қазағымның Әнұранын шырқайын
Демім бітіп, алқынғанша алқымым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу