Өлеңдер ✍️
Тағдыр. Тұлпар. Тізгін
Шала қазаққа ұқсамай жат елдегі,
Тобылғы сап қамшыны әкел бері, −
деді-дағы,
Жүгендеп жабағыны,
Шу асауға мінгізді әкем мені.
Қарғып міндім нық ұстап кескінімді,
Жарбаң қағып, жабағы осқырынды.
Мөңкіп-мөңкіп, ол мені жығып салды,
«Сәттерім-ай, − дедім мен, − ескі күнгі!»
«Әкеңнің...» деп басталар ұран айтып,
Намыс кернеп, ұмтылдым тұра қайтып.
Орынымнан тұрсам да,
Амал қанша,
Жанарымнан мөлтілдеп құлады-ай шық.
Жармастым да жалына қос қолыммен,
Әдістерді қолдандым еске кірген.
«Неге мынау тулауын тоқтатпайды?..»
Шеше алмадым жауабын, шешпедім мен!
Мұндай жойқын болар ма қатаң заңдар?..
Әл-дәрменім қалмады асауды алдар.
Әкем сол сәт шыр-пыр боп айқайлады:
«Тізгінді тарт!
Жалында не шаруаң бар?!».
Үмітімнің үкісін үлбіретіп,
Қолым создым тізгінге дір-дір етіп.
Құбылмалы күй кешіп жатқан шақта
Сыпырылды аяқтан құрғыр етік.
Бірақ оған аудармай назарымды,
Үйретумен әлекпін жабағымды.
Тізгін тартып, жүгенмен жұмыс жасап,
Әлгі асауды көрмедім бала құрлы...
Жырын жаттап жалынды сан ақынның,
Қиялданып түнімен, таң атырдым.
Бұл жағдаят басымнан өткен кезде
Бар болғаны жетіде болатынмын.
Десем-дағы сол шақта жас-кішіңмін,
Барлығына иландым бақ-құсымның.
Өсе келе, өмірді кеше келе
Тағдыр − тұлпар екенін нақ түсіндім.
Талай жайды түсіндім жете содан,
Ат мінбеуге тырыстым өте шабан.
Тізгін жайлы санама сабақ еккен
Қарыздармын қашанда, Әке, Саған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter