Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  158


Автор: Серік Сейітман

Арғымақ

Арғымағым!
Тимей менің жастыққа жар құлағым,
Тұяғыңның дүбірін ести қалсам,
Қара түнді, көз ілмей, таңға ұрамын.
Шұбар айғыр!
Арналады өзіңе Құралай-Жыр.
Құба жалың көзіме елестесе,
Ет жүрегім қалмайды жыламай бір.
Тұлпарым-ау!
Сағыныштың сазды әнін шырқадым-ау.
Қанатымнан айрылдым қапияда,
Маңдайымның соры да тым қалың-ау.
Қанатым-ау!
Ішім – күйік болғанда, дала – қырау.
Көзіңдей ғып төріме іліп қойдым,
Тізгінінде жүгеннің нала тұр-ау.
Сағым Күлік!
Жазғаным жоқ бұл жырды жаным күліп.
Сауырыңа бір қамшы салдырмадың,
Қамшы-саптай ғұмырдың мәнін біліп.
Қазынам-ау!
Бұл өмірге жүрмейді базына-дау.
Бауыздалар сәтіңде
Үйіріңе
«Қош бол» айтып дауысың азынады-ау?!
Тас қамалым!
Үйіріңді иірді қас-қабағың.
Аман болсам,
Көктемде отау тігіп,
Отбасымды дәл сендей басқарамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу