Өлеңдер ✍️
Астана көшесінде
Уа, Астана!
Тұрғыныңмын бүгін мен,
Сансыз көлік сүйіншілеп жүгірген.
Ұлы адамның көшесінде келемін
Ұлы адамның атын қойған ұлыммен!..
Бұл бағыммен таласады қай бағым?
Анау, әне, Ақордадай айбарым!
Бір бағытқа желбіретіп желің тұр
Байрағым мен бөбегімнің айдарын.
Алматыда туған сәби – тіршілік
Алаңдайды ажарыңа ұмсынып.
Астанада келмесе де,
Қадайын,
Астанаға келгені үшін, бір шыбық.
Тау көшетін далаға әкеп өсірдім,
Құрығынан сақта, Құдай, кесірдің.
Қазағына қалқан болар сол шыбық
Тамырына нәрі жетсе Есілдің.
Бәйтеректей өркен жайсын жарқыным,
Егіз емес, еңгезердей жалқы ұлым.
Ұлы болсын қала салған Ерлердей,
Құлы болсын Құдай менен Халқының.
Ата-бабам текке неге терлесін?..
Аманатқа адал болу – Ерге сын.
Аязынан арқар ауған Арқаның
Арқасынан Алаш ауа көрмесін.
Уа, Астана!
Тұрғыныңмын бүгін мен,
Сансыз көлік сүйіншілеп жүгірген.
Ұлы адамның көшесінде барамын
Ұлы адамның атын қойған ұлыммен!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter