Өлеңдер ✍️
Астанаға арнау
Алты алашқа жоқтатпауға Есілді,
Астанаға мен де бұрдым көшімді.
Сағымдағы Сарыарқаның самалы,
Аштым құшақ,
Сүй кеп менің төсімді!
Бұл көшімнің болмау үшін арты азап,
Кей достарым суық деді Арқа жақ.
Тұтастығым көзден бұл-бұл ұшпай ма,
Жылы жаққа ауа берсе әр қазақ!
Ел мен елдің бітпек емес тіресі,
Сол тіресте сан соқпауды тілеші.
Қиын сәтте қорғап қалған Тәшенов
Көздің құрты бес өлкенің бірі – осы.
Шақ туғанда елдің рухы жаншылар,
Оны көріп, ерде қалай жан шыдар?
Иманғали көкем айтса-айтқандай,
Елбасының бір білгені бар шығар.
Есіл ерге теліп қойған есімін
Ұлды бөлеп, бірге келді бесігім.
Сен тербетпе,
Тербетейін мен сені,
Айналайын, ерке толқын Есілім!
Алты алашқа жоқтатпауға Есілді,
Астанаға мен де бұрдым көшімді.
Месқарындай әкелгем жоқ месімді,
От ал менен!
Жақтым жүрек-пешімді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter