Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  115


Автор: Серік Сейітман

Оңтүстік

Байрағы ұлтымның,
Айлағы ғұрпымның,
Айналдым, Оңтүстігім.
Есігі ырыстың,
Бесігі Ұлыстың,
Өзіңмен мен күштімін.
Төріңде ақ туың,
Көліңде аққуың,
Көгіңде құс қыдырды.
Суыңды қайнатқан,
Нуыңды жайнатқан
Сағындым ыстығыңды.
Сүйдіріп ғаламды,
Күйдіріп табанды,
Емдейді топырағың.
Ұлым деп алаңдар
Отқұшақ анам бар,
Мен қалай опынамын?!
Ерінбей ел үшін
Арқалап жемісін
Бүгілген бақша-талың.
Жемісті тал сынды
Сағындым даусыңды,
Данагөй ақсақалым!
Құм еткен күштіні
Қызыңның ұстыны –
Гүлдерің қырға шыққан.
Ерлікке себепкер
Еңсегей теректер
Жетем деп Күнге асыққан.
Жадырап-күлімдеп,
Жанып тұр Күнің бек
Төбемнен бақ-құт шашып.
Тіп-титтәй құшағы
Торғайлар ұшады
Тым үлкен шаттық тасып.
Сауықшыл ара да
Сайран сап далада,
Гүлдерден бал сорады.
Шалқытқан шырының
Шаттанып шыбының,
Ызыңдап ән салады.
Қырымға аттанар,
Құрдан да бақ табар
Тағдыры шайқаса адам.
Барамын жасып тым,
Жеткенше асықпын,
Жәннатым, қайта саған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу