Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  137


Автор: Серік Сейітман

Қысқы ауыл

Сағыныштың сары әлемі бізге ауып,
Жан сыздатып жүрек дейтін сыздауық.
Жеткенімде жатыр жерді жауып қар,
Туған дала топырағын қызғанып.
Тоңқығанда қайқаң белді қайқы есек,
Топырағың еді-ау бізге жай-төсек.
Еріші, қар!
Маған қарап жымисын
Бала күнгі махаббатым – бәйшешек.
Сағындым ғой құртылмаған ғұрпымды,
Сағындым ғой ғұрпым қалған жұртымды.
Еріші, қар!
Иіскейін ентелеп
Бұтағынан боз жусанның былтырғы.
Уа, туған жер!
Жүргеніммен құлшынып,
Сенсіз маған бес-ақ тиын тіршілік.
Балшығыңа батып кетіп белшемнен,
Шалшығыңа дамылдайын тұншығып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу