Өлеңдер ✍️
Қазақ
Біздің ауыл аталады «Шытты» деп,
Шытты ауылда ел білмейтін мықты көп.
Сапарласаң, сәлем бермей қайтпағын,
Сол ауылдың бір қазағы – Құттыбек.
Мәселеден мыңғы-дыңғы басы бар,
Қырау шалып, бурыл тартқан шашы – қар.
Ауылына қонақ келсе алыстан,
Бір шәй беріп үлгеруге асығар.
Әжетіңе жарау үшін, кей түні
Ұмытып та кетері бар ұйқыны.
Әркез оның көкейінен көшпейді
Әжесінің «Халықшыл бол» дейтіні.
Жүрегінде жаһан сияр ұя бар,
Кімдер оның көл пейілін тыя алар?
Ағайыны абыройдан айрылса,
Өзгелерден өзі бұрын ұялар.
Ел асығы түспей жатса алшы боп,
Нақ осылай көкірегіңде жансын от.
Аламанда аты озбаса алаштың,
Көңіліне тиеді оның қамшы боп.
Жұмыр білек жігітке де жүк сөзі,
Жамандықты көрмеу керек түк көзі.
Балуаны жер иіскеп жатса елдің,
Намыстанар жығылғандай құдды өзі.
Кендір жібін көрсетпейтін келтенің,
Еркелігін есіртпейтін еркенің.
Оған салсаң, қажеті жоқ түрменің,
Тезге салып өзі-ақ түзер тентегін.
Біздің ауыл аталады «Шытты» деп,
Шытты ауылда ел білмейтін мықты көп.
Сапарласаң, сәлем бермей қайтпағын,
Мың қазақтың шын қазағы – Құттыбек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter