Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
112
Көк серке
Қарсы алдыңда дәу
тұрса да не көрім,
Бойыңдағы намыс еді сенерің.
Қарағайдай мүйізі бар
көк серке,
Бір отардың
көшбасшысы сен едің.
Малдың жауы шибөрі де шибөрі
Мысың басып,
отарыңа тимеді.
Саған сеніп, жамыраған қозы-лақ
Өрісінде ойнақтады, биледі.
Кер ешкінің сенен туған лағы бар,
Лақ та болса күжірейген жалы бар.
Бақылдаушы ең,
Бақырдың да бұл жолы,
Бауыздалып кете бардың, жануар.
Тулақтай боп тапталдың да аттарға,
Лезде айналып кеттің солай көкпарға.
Отарыңда топ бастайтын дәстүрді
Аманаттап қалдырдың ба лақтарға?!
Қой бастаған қоңыраулы көк серке,
Тарихымды еске салдың ескерте.
Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,
Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter