Өлеңдер ✍️
Менің махаббатым
Қар жамылған заңғар шың дүр еліме
Күннің көзі түсіп тұр күле, міне.
Құдай менің кеудемді жарып тастап,
«Қазақсың!» деп жазғандай жүрегіме.
Сондықтан да құлымын Қазағымның,
Қазақ үшін күйіп те жана білдім.
Мүмкін болса, шашыммен жалғар едім
Болашақ пен бүгіннің аралығын.
Толғанатын жайым көп аса менің:
Қалып қоймау себепті тасада елім,
Мүмкін болса, жерленген тарих бетін
Тырнағыммен тырналап ашар едім.
Тәуелсіздік, еркіндік таңы атқанда
Жер бетінде бұдан зор азап бар ма?!
Мүмкін болса, тілімді кесіп-бөліп,
Таратар ем тілі орыс қазақтарға.
Кей бейбақтар толғанбай менше терең,
Өз ұлтына қарап жүр дәл шекеден.
Мүмкін болса, оларға көзімді ойып,
Таудай Қазақ шоқтығын көрсетер ем.
Әрбір жанға зор үлгі бола алатын
Тарихта аз ба қан кешкен азаматым?!.
Мүмкін болса, тілгілеп жүрегімді,
Қанымменен жазамын «Қазақ» атын!
Ұлтым менің ең басты махаббатым!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter