Өлеңдер ✍️
Қара қанден
Арменен аппақ жуынған денем,
Арыммен ғажап күйге енем.
Ит жылы өзім туылғанменен,
Иттікті жаным сүймеген...
Көзінен көріп тамшыны тұнық
Өтінген інім – кенженің,
Ауылдас қарттың қаншығы туып,
Күшігін әкеп бергемін.
Арман боп таудай елестің бәрі,
Кем болды ойын-сауығым.
Інімді сүйіп мен өстім-дағы,
Күшікті сүйді ал інім.
Ас-ауқаттарын інімнің берген
Күшік те тынбай ақтады.
Сәттері болмай тыным бір көрген,
Шәуілдеп, түнде жатпады.
Біздерге адал махаббатымен
Қиындық көріп қаншалық,
Жамбастамай-ақ жатарда кілем,
Қорғады үйді жан салып.
Тіленер болса Тәңірден жілік
Ауланың қамын күйттер ме?..
Шейіт боп кетті шәуілдеп жүріп
Таланып төбет иттерге.
Сондықтан тақтық біз айдар оған
«Иттердің қаһарманы» деп.
Болсақ та он,.. жүз,.. мың айға бодан,
Алармыз еске әлі көп.
Оқ атып мендік Отанға нұрлы,
Енер жау болса қақпадан,
Қанден де болса,
Қаһарманымды
Үлгі етіп, қарсы аттанам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter